Астана қаласының кәсіподақ белсенділері мен «Аманат» партиясының штабы АЭС салу туралы референдумды қолдау үшін бірікті

Бүгін республикалық «Аманат» партиясының штабында Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы референдумды қолдау жөнінде елордалық кәсіподақ белсенділерімен кездесу өтті.

«Аманат» партиясының өкілдері АЭС салуды тек стратегиялық жоба ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тез дамуына мүмкіндік беретіні жөнінде толыққанды мағлұмат берді.

Кәсіподақ белсенділері АЭС салудың қауіпсіздігі, экологиялық қауіп-қатерлері және әлеуметтік салдары туралы бірқатар сұрақтар қойды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев: «Атом энергетикасы бізге импорттық энергоресурстарға тәуелділікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өмір сүру деңгейін көтеруге, ең бастысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

«Біз атом энергетикасы жауапты сала екенін түсінеміз және жоба максималды қауіпсіздікпен және барлық экологиялық нормаларды ескере отырып жүзеге асырылатынына сенімді болуды қалаймыз», – деді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков.

Спикерлер барлық сұрақтарға толық жауап беріп, АЭС салу кезінде қолданылатын заманауи технологиялар, қауіпсіздік жүйелері, атом станциясына қызметкерлерді дайындау бағдарламасы және экологиялық қауіпсіздікті бақылау механизмдері туралы ақпарат берді.