АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері Шымкент қаласындағы «Tashenev University» білім ордасында маңызды кездесу өткізді. Жұмысшы топ жас педагогтар және белсенді жастармен кездесіп, АЭС жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


Кездесуге ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова, Данабек Исабеков, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Бауыржан Алтеев, сондай-ақ «Қазақстан Халық», «Ауыл», «Ақжол» және «Республика» партияларының өкілдері, Шымкент қалалық жастарды қолдау кеңесінің мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Өз сөзінде сенат депутаты Айгүл Қапбарова атом электр станциясының ел экономикасына келтіретін пайдасы туралы айтты.
«Электр энергиясы – экономиканың қозғаушы күші. Дамыған елдер бұл мәселені шешуде белсенді әрекет етеді. Бүгінгі таңда әлемде 415 ядролық энергетикалық реактор жұмыс істеп тұр, оның 94-і АҚШ-та, 56-сы Францияда, 12-сі Жапонияда, 36-сы Ресейде», – деді Айгүл Жарылқасынқызы.


Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков әріптесінің пікірін қуаттап, қоғамдағы АЭС жобасына қарсы пікірлердің бар екенін айтты. «Жаңа технологияларға қарсы пікір білдіру қалыпты жағдай. Мәселен, ұялы телефон алғаш шыққанда оның зиянды екені туралы қауесеттер болды, ал қазір бұл технологиясыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Сондықтан ақпаратты тек дұрыс дереккөздерден алу маңызды», – деді Данабек Исабеков.


Кездесу барысында педагогтар мен жастардан бірнеше сауалдар қойылды. АЭС-ке балама ретінде күн, жел, су электр станцияларының көптеп салынуы қажеттілігі туралы сұрақтар қозғалды. Штаб мүшелері бұл станциялардың ауа райына тәуелді екенін және АЭС экологияға зиян тигізбейтінін түсіндірді.