Еңбек адамдары марапатталды

Астанада Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шарада қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов қатысушыларды мерекемен құттықтап, қоғамның игілігі үшін еңбектің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтіп, өзінің табандылығы мен кәсібилігімен елорданың экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар еңбеккерлер мен ардагерлерге қала әкімі атынан алғыс хат табыс етілді.

Құттықтау сөз алған Астана қаласының Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин: «Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылардың мүддесі мен құқығын қорғай отырып, еңбек адамының мәртебесін үнемі дәріптеп келеді. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымындағы Ұжымдық шартта көрсетілген талаптар еңбек адамдарының өнімді әрі табысты жұмыс істеуіне зор мүмкіндіктер туғызады»,- деді.

Ол әлеуметтік қорғау мен әділ еңбек жағдайлары жөнінде кәсіподақтардың атқарған қызметіне тоқталып, елдің көркеюі әрбір азаматтың әл-ауқатына тікелей байланысты екенін айтты.

Мерекелік көңіл-күйде өткен іс-шараға түрлі мамандық иелері, соның ішінде дәрігерлер, педагогтар, қызмет көрсету саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастар және кәсіподақ мүшелері қатысты.