Кәсіподақтар мен халықаралық сарапшылар климаттың өзгеруі жағдайында жұмысшыларды қорғау үшін бірлескен қадамдарды әзірлеуде

26-27 қыркүйекте Әзірбайжан астанасы Бакуде «Климаттың өзгеруі және әділ ауысу: кәсіподақтардың рөлі мен әрекеті» тақырыбында халықаралық конференция өтуде. Әзірбайжан кәсіподақтары (AHIK) ILOACTRAV, PERC және ХКК – мен бірлесіп ұйымдастырған іс-шара ұлттық кәсіподақ жетекшілері, халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер арасындағы маңызды диалог алаңына айналды. Оларды біріктірген ортақ мақсаттұрақты болашаққа жол табу болды.

“Кавказдағы және Орталық Азиядағы әділ көшу” тақырыптық панельдік сессиясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин климаттың өзгеруі жағдайында жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде әділ көшу идеясын нұсқап, оны жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіподақтардың климаттың өзгеруіне деген көзқарасы қарапайым: «Өлі ғаламшарда жұмыс жоқ». Сондықтан климат кәсіподақ мәселесі болып қала бермек», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Оның айтуынша, жыл сайын климаттың өзгеруіне байланысты проблемалардың маңыздылығы артып келеді.

«Климаттың өзгеруі тек болашаққа тақырыбы емес, бұл біздің заманымыздың шындығы. Жағдайдың шиеленісуіне жол бермей, белсенділік танытуымыз керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол адамның табиғатқа жойқын әсерінің және әлемдік ауқымдағы экологиялық апаттың символына айналған экологиялық апат – Арал теңізін мысал ретінде келтірді.

«Қазіргі кезеңнің ең маңызды міндеті – Арал дағдарысының экологияға және Арал ауданында тұратын миллиондаған халықтың тұрмысына деструктивті әсерін азайту», – деді ол.

Сатыбалды Дәулеталин экологиялық апат аймақтарында халықты мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына баса назар аударды.

«Қазақстанда экологиялық апаттардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған заңнамалық деңгейде бірқатар шаралар қабылданды», – деп өз сөзін толықтырды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшысы.

Ол Қазақстанда қарастырылған табиғи ресурстар мен халықтың денсаулығын қорғау тетіктеріне тоқталды.

2023 жылы ҚР Су кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, Шаруашылық қызмет немесе табиғи процестер нәтижесінде халықтың денсаулығына, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, қоршаған ортаның жай-күйіне қауіп төндіретін өзгерістер орын алған су объектілері төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймақтары деп жариялануы мүмкін. Өз кезегінде, Еңбек кодексінде экологиялық апат аймақтарында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша кепілдіктер құқығы белгіленген», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, ол еңбек құқықтарын қорғаудың және экологиялық апат проблемаларын шешуге кешенді көзқарасты қамтамасыз етудің және климаттың өзгеруінен зардап шеккен жағдайларды әлеуметтік қорғаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Ол кәсіподақтардың рөліне ерекше назар аударды, оның пікірінше, бұл жаһандық мәселені шешуде белсенді рөл атқаруы тиіс бірден-бір ұйым, ол -кәсіподақ.

«Экологиялық апат аймақтарындағы қызметкерлердің жағдайын жақсарту мақсатында кәсіподақтар қосымша әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Осылайша, әлеуметтік әріптестік құжаттарында (келісімдер, ұжымдық шарттар) кәсіподақтар радиацияға ұшыраған өңірлерде жеңілдіктер (қосымша ақы және қосымша демалыс) белгілеу туралы, және суық ауа райы жағдайлары, қоршаған ортаға теріс әсер етудің алдын алу және қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілікті арттыру жөніндегі шараларды қабылдау, экологиялық қауіпсіздік жөніндегі іс-шараларды жүргізу, халықтың барлық топтары арасында экологиялық қауіпсіздік туралы білімді тарату жөнінде шаралар қабылдау туралы нормалар мен ережелерді бекітуге қол жеткізді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Климаттың өзгеруі мәселесінде кәсіподақтар алдыңғы қатарда болуы керек деген ойды ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева өз сөзінде жалғастырып, климаттың өзгеру проблемасын бұдан былай назардан тыс қалдыруға болмайтынын, бұл әрқайсымызды алаңдататындай күрделі мәселе екенін атап өтті.

«Бүкіл әлемдегі климаттық өзгерістердің әсері адам үшін, кез келген биологиялық дене үшін, сондай – ақ экономиканың түрлі секторлары үшін жағымсыз салдарға алып келеді», деді Гүлнара Жұмағелдиева.

Оның айтуынша, ұлттық орнықты даму саясатын әзірлеуде, іске асыруда және мониторингте белсенді рөл атқаратын және барлық деңгейдегі әлеуметтік диалогқа қатысуға ықпал ететін ұйым – кәсіподақтар. Ол сондай-ақ жұмысшылардың жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету үшін әділ ауысу саясаты мен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және ілгерілету қажеттілігіне назар аударды.

Екі күн бойы конференцияға қатысушылар пікірталастар аясында әділ ауысу, климаттың өзгеруі және жұмысшылардың құқықтарына қатысты тақырыптар бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар конференцияда кәсіподақтардың климаттық келіссөздерге қатысуын арттыру бойынша іс-қимыл жоспарлары мен стратегияларын әзірлеуге арналған интерактивті сессиялар, сондай-ақ тараптар арасындағы түрлі ынтымақтастық кездесулер өтті.

Конференция барысында Африка елдеріндегі ХКК Бас хатшысының орынбасары Эрик Манзи, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша еңбекшілер бюросының директоры Михаил Пушкин және ХЕҰ еңбекшілер бюросының директоры Мария Хелена Андре әлемдегі климаттық өзгерістердің салдары және осы бағыттағы халықаралық ұйымдардың қадамдары туралы баяндады. Сарапшылар кәсіподақтардың ерекше рөлін және өзара диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Конференцияға қатысушылар жаһандық ынтымақтастық – заманауи сын-қатерлер тудырған мәселелерді шешудің бірден-бір жолы деген қорытындыға келді.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымына мүше ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары арасында бірқатар кездесулер өтті. Кәсіподақ жетекшілері ұйымдық өзара іс-қимыл және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ кәсіподақтардың халықаралық интеграциялық құрылымының қызметін одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталиннің АCTRAV Еңбекшілер бюросының директоры Мария Хелена Андремен, ХЕҰ Еңбекшілер бюросының Орталық Азия және Шығыс Еуропа секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкаспен және IndustriALL Жаһандық одағы Бас хатшысының орынбасары Кемал Озканмен екіжақты кездесулері өтті.

Келіссөздер барысында ынтымақтастықты нығайту және дамыту, халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізудің маңызды аспектілері, әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбек мәселелерін ілгерілету мәселелері талқыланды.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы