Кәсіподақтар үйі алдында облыстық еңбек мобильді орталығы, мансап орталықтары және «Абай облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ ның мұрындық болуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұндай жәрмеңкелер азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты жақсартуға ықпал етеді. Қатысушылар түрлі салада жұмыс орындарын табуға, өз дағдыларын көрсетуге және кәсіби байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік алды.
Бұл шараға 28 жұмыс беруші қатысып, 300-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде «Қаражыра» АҚ, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Qazaq Astyq Group» ЖШС, «Семей Цемент зауыты» ЖШС, «Шығыс Бройлер» ЖШС, «Семей құрылыс материалдары» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар бар.
Сонымен қатар 2023-2024 жылдары халықтың әлеуметтік осал тобын қолдауға арналған қайтарымсыз грант алушылардың көрмесі ұйымдастырылды. Оған Семей қаласы, Жарма, Бесқарағай, Бородулиха, Аягөз, Абай аудандарын келген 10 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды.
Сондай-ақ шара барысында Абай облысы кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Досжан Байқадиев пен заң мәселелері және медиация жөніндегі бас маманы Ержан Разбеков еңбек адамының әлеуметтік құқықтары мен мүддесін қорғау бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл шара қатысушыларға еңбек заңнамасы, жұмысшылардың құқықтары және әлеуметтік қорғау механизмдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндік берді. Мұндай түсіндірме жұмыстары азаматтардың құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарын нығайтуға зор ықпал етеді.
Еңбек күні аясында ұйымдастырылған шараға 500-ден астам адам қатысты.