Литвада бірқатар елдердің кәсіби көшбасшылары мен халықаралық сарапшылар еңбек көші-қонындағы сын-қатерлер мен шешімдерді талқылауда

1-2 қазанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері Вильнюстегі Solidarumas Литва кәсіподағымен бірлесіп, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұйымдастырған Еңбек көші-қоны жөніндегі халықаралық семинардың жұмысына қатысуда.

Семинар жұмысшы мигранттардың құқықтарын қорғау және қабылдаушы елдердің қоғамына интеграциялануының өзекті мәселелерін талқылау үшін түрлі елдерден сарапшыларды, кәсіподақ және үкімет өкілдерін жинады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаһандану, сондай-ақ өсіп келе жатқан геосаяси және экономикалық дағдарыстар жағдайында еңбек көші-қоны мәселелерін шешудің өзектілігін өз баяндамасында атап өтті.

«Еңбек көші-қоны жай ғана экономикалық құбылыс емес, біздің елдеріміз арасындағы маңызды интеграциялық үдерістердің бірі болып табылады, бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол Қазақстан Үкіметі Көші-қон жөніндегі тұжырымдаманы (2023-2027) қабылдағанын, оған сәйкес мигранттарды еңбек нарығы мен қоғамға интеграциялау бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Еңбек көші-қоны проблемасы кешенді көзқарасты талап ететінін түсіну маңызды, көші-қон процестерін заңдастыру үшін жағдай жасау, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жалпы мәселелерді шешу үшін бірлескен стратегияларды әзірлеу қажет», – деп қосты ҚРКФ басшысы, бұл салада мемлекетаралық ынтымақтастықтың қажеттігін атап өтіп.

Мысал ретінде ол өткен жылы Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің ұлттық кәсіподақ орталықтары қол қойған Еңбек көші-қоны саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы келісімді келтірді.

«Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан кәсіподақтары еңбек мигранттарының құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін күш біріктірді. Келісім шеңберінде біз сондай-ақ құқықтық және консультативтік көмек көрсетуді, қабылдаушы елде кәсіподақтардың құрылуына ықпал етуді және ХЕҰ-ның 97 «Еңбекші мигранттар туралы» және 143 «Көші – қон саласындағы теріс пайдалану туралы және еңбекшімигранттарға мүмкіндіктер мен қарым-қатынас теңдігін қамтамасыз ету туралы» конвенцияларын ратификациялауға жәрдемдесуді және басқа да бірқатар шараларды жоспарлап отырмыз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева да Қазақстан үшін және бүкіл әлем үшін өркениетті көші-қон саясатының маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендердің және осы елдерге кеткендердің үлесі сәйкесінше 75, 6% және 74,7% құрады.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары атап өткендей, жыл сайын 200 мыңға жуық қазақстандық, оның ішінде жоғары білікті мамандар да, қатардағы жұмысшылар да жоғары табыс табу үшін шетелге кетеді, соның ішінде Англия, Корея және басқа да Еуропа елдері бар.

Ол 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісім аясында әлеуметтік серіктестер 2022 жылы 30 қарашада ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес көші-қон процестерін реттеу бойынша міндеттемелер қабылдағанын хабарлады.

Бұл ретте ҚРКФ Төрағасының орынбасары еңбек көші-қон проблемаларын реттеуде кәсіподақтардың рөлін атап өтті.

«Қазақстандағы кәсіподақтар лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілетуге, халықаралық стандарттарды енгізуге және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Осылайша, соңғы кездері еңбек көші-қоны проблемаларын реттеу Кәсіподақтар федерациясы қызметінің бағыттарының бірі болды», – деп қосты Гүлнар Жұмагелдиева.

Сонымен қатар ол еңбек мигранттарын мемлекеттік қолдау және әлеуметтік қорғау шаралары туралы айтты.

«Бүгінде Қазақстанда көші-қон саясатын жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілер белсенді түрде қабылдануда. Жұмыстың негізгі бағыты – заңсыз көші-қонның себептерін жою және мигранттардың әлеуметтік қорғалуына жағдай жасау», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы