Лайықты еңбекке-лайықты құрмет

Қызылордада 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ жастары қатысты.


Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай шарадағы кәсіподақтарды төл мерекелерімен құттықтау сөзінде қоғамдағы кәсіподақтар қозғалысының роліне тоқталып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі және еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауда оларға артылатын міндеттердің артқандығын, мемлекет ұстанған әлеуметтік-саяси бағытпен адам игілігі үшін бірлескен жұмыстарды атқарудағы ортақ жауапкершілікті атап өтті.


Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев өңірдегі әлеуметтік әріптестердің ынтымақтастығына, кәсіподақ белсенділеріне жұмыскерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мүдделерін ілгерілетудегі еселі еңбектеріне ризашылығын білдірді.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен 2024 жылы Лайықты еңбек жылы болып белгіленген. Биылғы шаралардың, жұмыс бағыттарының барлығы еңбек адамдарының лайықты еңбегіне лайықты ақы төленуіне, жұмыс орындарында еңбеккерлерге лайықты еңбек жағдайы жасалып, лайықты құрмет көрсетілуіне арналды. Аталған жұмыстардың барлығы кәсіподақтардың табандылығы мен жауапкершілігі, еңбек адамына деген жанашырлығы келбетінде іске асырылуда. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген, осы мақсатта аянбай еңбек етіп жүрген, қоғамдағы кәсіподақтар қозғалысының нығаюына өз үлесін қосып жүрген баршаңызды Қазақстан Кәсіподақтары күні төл мерекемізбен құттықтаймын! Мереке құтты болсын!»,- деді бірлестік төрағасы.


Құттықтау сөз алған облыстық кәсіподақтардың ардагері Райкүл Байназарова аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің дамуы тарихнамасынан сөз қозғап, еңбек адамының мүддесіне және қоғамға қызмет етудің мәнділігі туралы ізбасарлары мен жастарға тағылымын жеткізді.

Кәсіподақтардың төл мерекелік басқосуында бірқатар кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне кәсіподақтар жүйесіндегі белсенді еңбектері үшін Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен салалық кәсіподақ бірлестіктерінің марапаттары табысталды.