Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күніне орай кәсіподақ активімен кездесу өтті

«Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы мен 7-қазан Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күніне орай «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев Түркістан облысы ветеринария басқармасының “Ветеринариялық қызметі” ШЖҚ МКК-да кездесу өткізді.


Кездесу барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев сөз алып, “Жыл сайын 7 қазанда Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күнін атап өтеді. Бұл бастаманы қолдай отырып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы жылды “Жұмысшылар бейбітшілік пен демократияға лайық” ұранымен өткізуде. Ондағы мақсат елімізде лайықты еңбекті қолдау болып табылады» – деп, қатысушылармен жұмысшылардың еңбек құқықтары мен олардың жұмыс орындарының сақталуы, еңбеккерлерге қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасау, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықты жою және теңсіздікпен күресу мәселелері бойынша талқылап, аталған тақырыптар аясында кәсіподақ мүшелерімен өзара пікір алмасты.


Сөз соңында барша қатысушыларды алдағы келе жатқан 10 қазан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.


Сондай-ақ, жиында қоғамдық бірлестік төрағасы Сапарғали Шолданбаев өз саласында еңбекқорлығымен танылып жүрген бірқатар белсенді қызметкерлерге салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарын табыстады.