Кәсіподақ белсенділері марапатталды

Құрылыс кешені және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалы Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған мерекелік шара өткізді. Оған құрылымдық және мүше ұйымдардың кәсіподақ жетекшілері мен мүшелері қатысты.

Филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова өзінің құттықтау сөзінде қазіргі қоғамдағы кәсіподақ қозғалысының маңыздылығына тоқталып, кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда, еңбек жағдайларын жақсартуда және ұжымдарда қолайлы жағдай жасауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Бастауыш ұйымдардың төрағалары Ж.Баилева және К.Бектасова әріптестеріне Фридрих Эберт қоры мен Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы бірлесіп ұйымдастырған «Еңбек дауларын басқару. Еңбек дауларын шешудің заңдық аспектілері, кәсіподақтардың рөлі мен қызметтері» тақырыбындағы семинарда алған ақпараттарымен бөлісті.

Шара аясында жоғары кәсіби шеберлігі, кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хатымен «Астана су арнасы» МКҚК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Күмісжан Бектасова және Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» төрағасы Айдос Хасенов, «Астана-Теплотранзит» АҚ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің инженері Әлия Қалиева, «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» ұйымының мүшесі Нұржан Өтегенов марапатталды.

Шараның соңында кәсіподақ ұйымы өкілдерінің арасында боулингтен достық жарыс өткізілді. Қатысушылар жиынның нәтижелі өткенін атап өтіп, шынайы алғыстарын жеткізді.