10 қазан – Кәсіподақтар күні қарсаңында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Тарихқа тағылым» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға Қызылорда облысының еңбек ардагерлері, кәсіподақтар ардагерлері, кәсіподақ ұйымы төрағалары, «Келешек» жастар қанаты белсенділері қатысты.
Кездесудегі естеліктер облыс кәсіподақтары тарихында 1974 – 1985 жылдар аралығында Кеңес төрағасы болған Когут Марат Филипповичтің туғанына жүз жыл толуына арналды.
Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаев естелік әңгіме айтып, Марат Филипповичпен өмір, еңбек жолындағы кездесулері жайында сыр шертті.
Когут Марат Филиппович 1924 жылы туған, білімі жоғары, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1947 жылы әскери қызметтерінен соң еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған, 1955 жылы Қызылорда облыстық «Путь Ленина» газетінің бөлім басшысы болып, 1965 жылдан газета редакторы болып қызмет жасаған. 1974 жылдан бастап 1985 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қызылорда облысы кәсіподақтар Кеңесі төрағасы болған.
Облыстық кәсіподақтардың ардагерлері Ақмырза Сыдықов, Айтбай Нұрпейсов, Жанисса Жаппасбаева, Райкүл Байназарова Қызылорда облыстық кәсіподақтары тарихынан әңгімелер айтты. Жиында Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатынан алған деректер таныстырылып, тарих койнауындағы мұрағаттық мәліметтер аталып өтті.
«Кәсіподақтар тарихындағы тұлғалардың өнегелі өмірі мен еңбек жолы ісбасарларға, жас кәсіподақ белсенділеріне дәріптелуде. Бүгінгі кездесуде кәсіподақтар қызметі мен өмірінен, кешесі мен бүгінінен сыр ақтарылып, замандастар үндестігі, ұрпақтар сабақтастығы насихатталды. Баршаңызға қоғамның тарих қойнауындағы ерен еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, қарттар күні және алдағы 10 қазан Кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтаймыз» деп түйіндеді кездесуді бірлестік төрағасы Мақсұт Нәлібаев.