Қызылордада кәсіподақтар мен жоғары оқу орны ынтымақтастығы бекітілді

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

 

Кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында жоғары оқу орынында өткен келімге ресми қол қою рәсіміне университет оқытушылары, кәсіподақ белсенділері және университеттің «Экономика және құқық» институты студенттері қатысты.

Кездесуді ашқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова жастардың бойында құқықтық мәдениетті, құқықтық сананы қалыптастыру маңыздылығын атап өтті.

«Меморандумның мақсаты заң кадрларының біліктілігін арттыруға бағытталған серіктестік қатынастарды орнату және тараптардың ұзақ мерзімді, тиімді және өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту болып табылады. Заң мен тәртіпті, адал адам, адал еңбек, адал табысты насихаттаудағы, облыстық кәсіподақпен университет арасындағы бірлескен меморандумға қол қоюымыз маңызды деп санаймын» деді оқу ордасы ректоры.

Аумақтық Кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев кәсіподақтар қозғалысындағы жас буынның жаңашыл қадамдары мен болашақта еңбек жолын бастайтын қазіргі студенттердің қоғамдағы кәсіподақтар жүйесі қызметімен етене араласуы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар бірлестік төрағасы аумақтық кәсіподақтар орталығындағы заң клиникасы жұмысы, кәсіподақ мамандарының жұмыскерлерге құқықтық көмек көрсету, еңбек қатынастары бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізуге ұсыныстар дайындау тәжірибелері туралы ақпаратпен бөлісті.

Меморандум шеңберінде білім ордасы мен кәсіподақтар бірлесе азаматтарға тегін құқықтық кеңестер мен заңгерлік көмек көрсету, халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық сана деңгейін арттыру, сондай-ақ кәсіподақтар орталығының заң клиникасында дарынды жастардың кәсіби құқықтық дағдыларын жетілдіру, талдамалық жұмыс, қоғамдық мониторинг пен ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу жұмыстарымен айналысатын болады.