Батыс Қазақстан облыстық оқу ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Салалық кәсіподақтың 100 жылдығына орай «Кәсіподақ күші – Бірлікте!» салтанатты жиыны өтті.
Шараға Салалық кәсіподақтың төрағасы Айгүл Мұқашева, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, кәсіподақ саласының ардагері Майра Амантаева, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Кидирбаева, облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Луара Батырғалиева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының басшысы Софья Измуханбетова және кәсіподақтың әлеуметтік әріптестері мен жұмыс берушілер, жоғарғы оқу орындары мен аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары және кәсіподақ белсенділері қатысты.
Білім саласы кәсіподағына 100 жыл толуына орай облыстық кәсіподақ ұйымының жұмысы мен іс-тәжірибелері жинақталған және кәсіподақ белсенділері мен әлеуметтік – әріптестер, ардагер ұстаздардың құттықтаулары жарияланған «Кәсіподақ күші – БІРЛІКТЕ!» атты журналы таратылды.
Мерекеге орай, «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісі, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісі, «Кәсіподақ ардагері» белгісімен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының «Құрмет грамотасы» және Салалық кәсіподақтың «Құрмет грамотасымен» бірқатар кәсіподақ және білім саласының белсенділері марапатталды.