Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы елорданың мемлекеттік еңбек инспекторларымен, Астана қаласы өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің және Нұра аудандық прокуратурасының өкілдерімен бірлесіп бірқатар құрылыс нысандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бүгін жұмыс тобының өкілдері «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС салып жатқан Халық банк ғимаратының, «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС құрылыс салушысының «Есo Park» тұрғын үй кешенінің және «BI Group» құрылыс салушысының «GreenLine Aura» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмыскерлер мен жұмыс берушілерімен кездесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Елордада өндірістегі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі құрылыс нысандарында орын алуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық жұмыскерлер жеке қорғану құралдарымен (қорғаныс каскасы, арнайы киім және т.б.), сондай-ақ ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.
Сонымен қатар, биіктіктегі жұмыс орындарында және оларға өтетін жолдарда қорғаныс қоршаулары болуы керек және заттардың биіктіктен құлап кетпеуі үшін қорғайтын ұстағыш торлары болуы керек.
Жазатайым оқиғалардың санын азайту үшін жұмыс берушілер еңбек заңнңамасында көрсетілген еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша міндеттерді орындауы, ал жұмыскерлер нұсқамаларда көрсетілген еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша барлық нормаларды сақтауы қажет.