Есеп беру – сайлау конференциясы өтті

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы ” қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының кезекті XXVI есеп- беру, қайта- сайлау конференциясы өтті.
Атаулы шараға “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының” төрағасы Светлана Иманқұлова, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан және Түркістан өңіріндегі облыстық мәдениет және өнер, спорт, туризм саласының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.


Конференция барысында Бастарбек Пірімбетовтың салалық кәсіподақ комитетінің жұмысы туралы есепті баяндамасы тыңдалып, онда атқарылған жұмыстар, кәсіподақтардың рөлін күшейту және жетілдіре түсу, кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін қазіргі уақыт талабына сай жүргізу, олардың мұқтажына дер кезінде көңіл бөліп, уақтылы шара қолдану жөніндегі жұмыстары және алдағы міндеттері атап көрсетілді.


Бұдан басқа, облыстық, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жақсарту және белсенділігін көтеру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жұмыстары, келісім комиссиялары, өндірістік кеңестер, ұжымдарда еңбек дауларын болдырмау және алдын алу жөніндегі атқарылған жұмыстары сараланып, кемшіліктерді жою жөніндегі міндеттер айтылды.
Сонымен қатар, салалық кәсіподақтың есептік конференциясында өз кезегінде сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі қоғамдық бірлестіктің жыл бойғы жұмысына қатысты өз пікірін білдіріп, ұйымның алдағы жоспарларын қолдап, барша қатысушыларды Қазақстан Кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.


Жиын соңында қатысушылардың дауыс беруі арқылы жаңа мерзімге «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып Бастарбек Пірімбетов бірауыздан қайта сайланды.