Қызылорда облысы кәсіподақтарының ардагері Айтбай Нұрпейісов 80 жасқа толды. Мерейлі жас иесін аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев және ізбасарлары құттықтады.
Айтбай Нұрпейсов кәсіподақтар кеңесінде көп жылдар бойы әлеуметтік қамту саласының қаржылық бақылау бөлімінде қызмет жасаған.
«1990 жылдары кәсіподақтар Кеңесі 196 мыңнан астам мүшесін біріктірген. Қаржылық дағдарыс барлық салаларды тұралатты. Облыс кәсіподақтары облыс басшысымен, жұмыс берушілермен бірлесіп тоқтап қалған өндіріс орындарын іске қосу, жұмыссыздықты азайту, еңбек ақы мен зейнетақыларды және әлеуметтік төлемақыларды дер кезінде төлеу сияқты шараларға қатысты» деп еске алды еңбек жылдарын кәсіподақ ардагері. Сонымен қатар ардагер қазіргі таңдағы кәсіподақтар жүйесіндегі оң өзгерістерді, жұмыс бағыттары бойынша тың бастамаларды қолдап, өз ой-пікірін білдірді.
«Ел экономикасының негізгі салаларындағы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге, еңбек құқықтарын ілгерілетуге сүбелі үлес қостыңыз. Мәнді де мағыналы ғұмырында сый-құрметке бөленген адал азамат ретінде Сіздің еңбек жолыңыз бен тұлғалық келбетіңіз, адами болмысыңыз кейінгі буын қатарға, ізбасар-ұрпақтарыңызға өнеге. Мерейлі мерекеңіз құтты болсын» деп құттықтады ардагерді бірлестік төрағасы. Кәсіподақ ардагеріне облыстық кәсіподақтар Ардагерлері Кеңесі атынан сый-сияпаттар табысталып, құрмет көрсетілді.