Әлеуметтік әріптестер саны артуда

«Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аймақтағы өндірістік кәсіпорындар мен мекеме-ұйымдар жұмысшы-қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі бойынша қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, жастарды кәсіподақ мүшелерінің қатарына тарту, әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кеңестер өткізуді мақсат ететін бұл маңызды құжатқа бірлестік төрағасы Әлібек Семғалиев пен аталмыш қоғамдық қордың Атырау облысы бойынша өкілдігінің басшысы Алена Асамбаева қол қойды.

​Болашақта тараптар Қазақстан Республикасы заңдары талаптарын сақтай отырып, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша мониторинг ұйымдастыру, еңбек заңнамаларын түсіндіру, ол бұзылған жағдайда жұмысшыларға заңдық және ақпараттық көмек көрсету, өзара ақпарат алмасу, сондай-ақ жалпыға қолжетімді және ведомстволық нормативтік құқықтық актілер мен материалдармен алмасу сынды өзара іс-қимыл әрекеттерін атқаруға уағдаласты.