«Қазмұнайгазпроф» Атқару комитетінің көшпелі отырысы өтті

Шымкент қаласындағы Кәсіподақтар орталығында «Қазмұнайгазпроф» Атқару комитетінің көшпелі отырысы және мұнай-газ саласындағы кәсіподақтар белсенділері арасындағы өңірлік екінші кеңес өтті. Отырыста Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауының негізгі қағидалары аясында кәсіподақтар қызметін одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды. Бұл Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, еңбек жағдайларын жақсартуды және халықтың әл-ауқатын арттыруды мақсат етіп қойғаны белгілі.

Кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері жұмыс орындарында әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, еңбек қауіпсіздігі және жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейту қажеттілігін талқылады. Жолдауда қойылған міндеттер кәсіподақтардың жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, олардың елдің тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуына ықпал етуі керектігін айқындады.

Мұнай-газ саласындағы кәсіподақ белсенділері Жолдаудағы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолдарын қарастырып, жұмысшылардың мүдделерін қорғау мен қолдау үшін нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеудің маңызды екенін атап өтті. Кеңес барысында еңбек жағдайларын жақсарту, қауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік диалогты нығайту бағытындағы жаңа бастамалар көтерілді.

Отырыс соңында ерекше сәт ретінде «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Қазмұнайгазпроф» Атқару комитетінің төрағасы Сұлтан Қалиевке шапан жауып, оны құрметпен марапаттады. Бұл символдық сый кәсіподақ белсенділерінің еңбегін бағалап, олардың еңбекшілердің құқықтарын қорғаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.