Бақтияр Спанов – еліміздің оңтүстік өңіріне еңбегі сіңген қайраткер. Ол Түркістан облысының сол кездегі Киров ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Шымкент мәдениет институтын бітірген соң, еңбек жолын Көкшетау қаласының автоколонна мәдениет үйінің директор лауазымнан бастаған. Одан кейінгі жылдарда Шардара ауданында мәдениет саласы және мемлекеттік қызметте еңбек етіп, жеке кәсіпкерлікте де өзін байқап көрген. 2014 жылы облыстық Қуыршақ театрына директор болып тағайындалады.
Бақтияр Спановтың іскерлігі арқасында Облыстық қуыршақ театр ұжымы Республикалық, облыстық фестивальдерде үздік жетістіктерге жетіп, 2014 жылдын қорытындысы бойынша театр ұжымы облыста «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі» атанды. 2015 жылы ҚР орташа кәсіпорындары арасында «Сала үздігі – 2015» ұлттық сертификатымен марапатталды.
2017 жылы Түркістан қаласында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» және «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында өткен «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне «Алпамыс» спектаклімен үшінші орынды иеленіп, Түріксой ұйымының бас хатшысы Д.Құсейіновтың арнайы алғыс хатымен марапатталған.
2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін – ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы құрамындағы – «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК директоры болып жұмыс істейді.
Б.Спанов ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының мүшесі. Өзінің еңбекқорлығы арқасында, Б.Спанов көптеген марапаттардың иегері. Атап айтсақ: «ҚР Мәдениет қайраткері» атағы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, Республика кәсіподақ федерациясының «Құрмет белгісі» медалінің иегері.
Бақтияр аға, Сізге шығармашылығынызға табыс, өзіңізге амандық, бақыт және мықты денсаулық тілейміз! Сіздің мәдениетке деген сүйіспеншілігіңіз ешқашан таусылмасын.