ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» оқу курсы аясында оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ көшбасшыларына арналған кезекті семинар өтті. Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің білім беру курсы кәсіподақ белсенділеріне заманауи жағдайда жұмыс істеу үшін жан-жақты кәсіби дағдылар мен технологияларды игеруге арналған.
Шараны ашқан жобаның авторы әрі үйлестірушісі – ҚРКФ Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті диреторының орынбасары Ләззат Есжанова семинарға қатысушыларға оқу жоспары және бағдарламасы туралы айтып берді.
«Кәсіподақ көшбасшылары мектебінің мақсаттары кәсіподақ көшбасшыларына кәсіподақтың күнделікті қызметіне қажетті білімді меңгеруіне көмектесуге, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша кеңестер беруге бағытталған. Оқу соңында тыңдаушылар кәсіподақ көшбасшысы мектебін бітіргені туралы куәлік алады», – деді Ләззат Есжанова.
Семинарда тыңдаушылар кәсіподақ қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктермен танысты. Осы тақырыпта ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева тарқатып айтып берді.
Гүлнар Жұмагелдиева оқу жобасының жаңа қатысушыларына жұмыстарына сәттілік тілеп, кәсіподақ көшбасшысының халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі және жұмысшылар үшін еңбекке лайықты жағдай жасаудағы ерекше рөлін атап өтті.
Спикер кәсіподақтардың қызметін реттейтін халықаралық құқықтық құжаттар мен кәсіподақтардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне тоқталды.
«Халықаралық қағидаттарға сәйкес, қарапайым жұмысшылар кәсіподақ құра алады. Кәсіподақтар құру үшін алдын-ала рұқсат қажет емес. Қызметкерлер кәсіподақтарға тек жарғыларына бағынудың жалғыз шартымен кіруге құқылы, яғни олар мүшелікті таңдауда еркін», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Сондай-ақ кәсіподақтардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілермен, ҚР заңнамалық актілерімен таныстырды. Ол кәсіподақтар қызметі, кәсіподақтардың халықаралық байланыстары, кәсіподақ жарғысы, кәсіподақты тіркеу, қайта құру және тарату туралы айтты.
Іс-шара барысында қатысушылар аталмыш тақырыптардың қыр-сырымен танысып, өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Жобаның авторы және үйлестірушісі Ләззат Есжанова семинарды қорытындылай отырып, келесі семинар тақырыбын мәлімдеді.
Кездесуде әрбір қатысушы өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Тыңдаушылар ҚР Кәсіподақтар федерациясының оқу жобасының ерекше маңыздылығын атап өтіп, алғыстарын білдірді.