Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Еңбек заңнамасы және әлеуметтік төлемдер

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділеріне арналған кезекті онлайн-кездесуі өтті.

Отырыс жұмысын ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев еңбек адамының мүддесі мен беделін жан-жақты қорғау, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатты жоғары болуының маңызды екендігіне тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелеріне белсенді өзара қарым-қатынасты дамытуға шақырды.

Семинар спикері-Кәсіподақтар федерациясының лекторлар пулының мүшесі, Қызылорда облыстық Кәсіподақ орталығының бас маманы Майра Боранбаева ҚР Еңбек заңнамасы және әлеуметтік кодекс тақырыбын қозғап, заң жүзіндегі жұмыс беруші мен жұмыскер тарапының міндеттері туралы теориялық ақпарат беріп, нақты мысалдар жүзінде көрсетті.

«ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы негізгі ұғымдардан басталатынын білесіздер. Жалпы, әрбір кәсіподақ көшбасшысы өзіне жүгінген кәсіподақ мүшесінің мәселесін шешу үшін еңбек заңнамасына жүгінетіні сөзсіз. Еңбек қатынастарына қатысты мәселе болғандықтан, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет болады», – деп атап өтті Майра Боранбаева.

Еңбек заңнамасына енгізілген түзетулерді таныстыру барысында лектор қатысушыларға қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау мәселелерінің кең ауқымын ұсынды.

Сондай-ақ әлеуметтік төлемдер түрлеріне тоқталды. Ағымдағы жылы енгізілген зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын еңбеккерлерге арнайы төлем алу құқығы туралы жан-жақты баяндады.

Семинар ашық диалог форматында өтті, онда қатысушыларға қолданыстағы еңбек заңнамасының жекелеген ережелерін түсіндіре отырып, әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді.

Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толық жауап алды, сондай-ақ өздерінің кәсіподақ жұмысында туындайтын белгілі бір мәселелерді шешу тәжірибелерімен бөлісті.