Бүгін Халықаралық еңбек ұйымы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары үшін кәсіподақтардың бейресми жұмыспен қамтуды формализациялауға қосқан үлесі туралы жобаның арнайы онлайн-тұсаукесерін өткізді.
Халықаралық сарапшы Харри Талига «Қазіргі заманғы шындыққа бейімделуде Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының қолдауы: кәсіподақтардың стратегияларын, институционалдық, ұйымдық және ішкі реттеу процестері мен қызметтерін түзету бойынша кеңес беру және бағалау арқылы бейресми жұмыспен қамту және платформалық жұмысына қатысты мәселелерді шешу және трансформациялау» есебін таныстырды.
Бұл жобаны жүзеге асыруға ҚРКФ мүшелік ұйымдары – көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерліктің салалық кәсіподақтары жұмылдырылды.
ХЕҰ сарапшысы платформалық экономиканың тенденциялары және оның жұмыспен қамту мен еңбек қатынастары нысандарына әсері туралы айтты. Сондай-ақ стандартты емес еңбек қатынастары бар жұмысшыларды кәсіподақтарға тартудың заңды негіздері, салалық кәсіподақтардың іс-қимыл жоспарларындағы рекрутинг, кәсіподақтар өз мүшелеріне ұсына алатын қорғау және басқа да қызметтер, платформалық жұмысшылардың органайзингі мен рекрутингі бойынша егжей-тегжейлі шолу жасалды.
«Платформалық экономика-бұл еңбек саласын цифрландырудан туындаған маңызды өзгерістердің бірі. Бұл экономиканың өсуі бизнес үшін жаңа нарықтар және жұмысшылар үшін жаңа жұмыс орындары мен табыс мүмкіндіктерін ашты, сондай-ақ икемді жұмыс уақытын қамтитын жұмыс орындары және жұмысқа орналасу кезіндегі кедергілер аз туындайтын жағдайлар жасады. Цифрлық платформалар икемді жұмыстың жаңа нысандарын жасау кезінде төмен жалақымен және әділетсіз еңбек жағдайларымен, сондай-ақ оларда жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбек қатынастарының түсініксіз мәртебесімен ерекшеленеді. Платформалық экономика лайықты еңбек тапшылығын арттырмауы үшін барынша күш салу маңызды. Кәсіподақтар үшін цифрлық платформа жұмысшылары ең алдымен әлеуетті болашақ кәсіподақ мүшелерінің өсіп келе жатқан тобы ретінде маңызды », – делінген баяндамада.
Шараға қатысушылар халықаралық сарапшылардың тұжырымдары мен ұсыныстарын да қарастырды.
Ал, соңғы жылдары бейресми еңбек қатынастарын заңдастыру мәселелері Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басты мәселелерінің бірі болды. Кәсіподақтар бұл салада Халықаралық еңбек ұйымынан айтарлықтай қолдау алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп «Стандартты емес еңбек қатынастары, тәуелсіз, платформалық және бейресми жұмыспен қамту басым секторлардағы Қазақстан кәсіподақтарының іс-қимыл стратегиясын анықтау» тақырыбында бірлескен зерттеу жүргізді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы