Абай облысының Семей қаласында өркениет кемеліне жетелейтін мәдениет пен өнер ордасы, қазақтың театр өнерінің берекелі бастауы – Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының 90 жылдық мерейтойы атап өтілді.
1917 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Ойқұдық жайлауында «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналануын қазақ театр өнерін қалыптастырудың негізі десек, кейіннен 1920 жылы құрамында әйгілі Әміре Қашаубайұлы, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев сынды майталман өнер иелері топтасып, «Ес-аймақ» қоғамы драма труппасы негізінде құрылып, 1934 жылы ресми түрде бекітілген. Міне, сондықтан да тереңнен сыр шертетін тарихы бар театр ұжымы мен әртістері үшін биылғы мерейтойдың маңызы ерекше.
Бұл мереке облысымызда кең көлемде ұйымдастырылды.
Театрдың мерейтойында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев театр ұжымы мен барша өнер сүйер қауымды құттықтап, жаңа автобустың кілті қоса Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің марапаттарын талантты әртістерге табыс етті.
Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бөлім басшысы Анар Куангалиева да құттықтау сөз алып, ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосқан, көрермендерді тың туындылармен қуантқан сахна шеберлерін басқарманың Алғыс хаттарымен марапаттады.
Ал «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекова өз сөзінде талай жас әртістердің шығармашылық жолын ашқан киелі мекенді 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, театр ұжымындағы дарынды, өз істерінің майталмандары, белсенді кәсіподақ мүшелерін де марапатсыз қалтырмады. «Қазақстандық салалық мәдениет,спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ «Еңбек даңқы» төсбелгісімен – театрдың тігін цех меңгерушісі Берекпулова Жанат Сейтказиновна, Құрмет грамотасымен – театрдың әртістері Тұрлыбекова Әсем Қайратқызы, Айтжанова Альмира Еркенқызы, театрдың балет әртісі-Хамитова Әлия Әділбекқызы, театрды жарықпен көркемдеуші- Байгелдин Айдос Күшікпанұлы, Алғыс хатымен – киім цехының меңгерушісі- Искакова Самал Сапарбековна, театрдың концертмейстері- Обухова Елена Валерьевна, театрдың дыбыс жазу операторы- Даулетханов Ерлан Алмасұлы марапатталды.
Семей қаласының өлкетану музейі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының 90 жылдығына орай «Тарихы терең театр» жылжымалы көрмесін өткізді. Көрмені тамашалаған қонақтар қатарында Абай облыс әкімі Н.Ұранхаев, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы А.Самат, қаланың зиялы қауым өкілдері мен ардагерлері, семейліктер мен қала қонақтары болды.
Мерейтойға орай театр басшысы Ербол Жуасбектің құрастыруымен «Тарихы терең театр» атты кітабы жарық көріп, шараға қатысқан қонақтарға таратылды.
Театр ұжымына ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс, шығармашылық шабыт тілейміз және қазақ халқының мәдениеті мен өнерін дамытуда қосқан зор үлестері үшін алғыс білдіреміз.