Филармония қызметкерлері ҚРКФ төрағасымен кездесуде әлеуметтік әділеттілік мәселелерін талқылады

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония» КММ еңбек ұжымымен кездесті.

Жиынды ашқан филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов кәсіподақ ұйымының мекеме өміріндегі маңызына тоқталды.

«Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония – жай ғана концерттік мекеме емес, ол елорданың және бүкіл еліміздің мәдени өмірінің жүрегі. Біздің ұжымда 660 қызметкер болса, оның 140-ы кәсіподақ мүшесі. Әлеуметтік шаралар болсын, материалдық көмек болсын, кәсіподақпен бірлесе отырып, барлық мәселелерді шешеміз. Кәсіподақ – еңбекші халықтың өкілі», – деді ол.

 

Филармонияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Халида Былкилова Кәсіподақтар федерациясымен мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподақ басшылығына қызметкерлердің мәселелеріне бей-жай қарамағаны үшін алғысын білдірді.

«Бізді үнемі қолдап, қажеттілікті өтеуге тырысып жүрген кәсіподақ ұйымын бағалаймыз. Бізге күш беріп, дауысымыз ескеріліп, сенімділіктің арта түсуіне себепкер болды», – деді ол.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова жиынға қатысушыларды саланың қазіргі жағдайы мен дамуы туралы хабардар етті.

«Мәдениет пен спорт – мемлекетіміздің басты белгісі. Димаш Құдайберген сынды өнерпаздарымыз халықаралық сахнада қазақ өнерін танытып жүр. Дегенмен, мәдениет қызметкерлерінің жалақысының төмендігі өзекті мәселе бола бермек. Біз әрбір жұмысшының еңбегі үшін лайықты жалақы алғанын қалаймыз», – деді ол.

Сондай-ақ Светлана Иманқұлова Әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның құрамына еніп, түрлі мемлекеттік комиссиялардың жұмысына белсене атсалысып жүрген салалық кәсіподақтың жетістіктеріне тоқталды.

«Біз барлық деңгейдегі қызметкерлердің, соның ішінде Халықаралық актерлер федерациясы және ТМД елдерінің мәдениет қызметкерлерінің ұйымдары сияқты халықаралық ұйымдардың мүдделерін білдіреміз», – деп қосты Светлана Иманқұлова.

Салалық кәсіподақ заңгері Малина Башарова Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп қолға алынып жатқан бастамалармен бөлісті.

«Біз саламыздағы жұмысшылардың жалақысын одан әрі арттыруға тырысамыз. Бұл бағыттағы маңызды қадам – Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1193 қаулысына «базалық лауазымдық жалақы» түсінігін алып тастауды көздейтін өзгерістер енгізу болды. Бұл тұжырымдама еңбек заңнамасына және «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына қайшы келеді», – деді заңгер.

Ол мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақыларына қосымша төлемдер мен үстемеақылар ең төменгі жалақыға сәйкес жүргізілуі тиіс, бұл АЕК-ті арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ жұмысы қарапайым халықтың құқығын қорғауға, олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталғанына баса назар аударды.

«Халықпен кездесу- біздің міндетіміз, себебі, біздің жұмысымыздың барлығы халыққа арналған. Бұл жай ғана ұйым емес, бұл Еңбек адамының қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін құрылған ұжымдық күш», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионнан астам мүшесі, 23 филиалы мен 18 облыстық кәсіподақ орталығы бар еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым екенін еске салды.

Өзекті мәселелерге тоқталған ҚРКФ Төрағасы ең бастысы еңбекақы мәселесі екенін атап өтті.

«Соңғы төрт жылда ең төменгі жалақы мөлшері екі есе өсті, біздің міндетіміз – ең төменгі жалақы орташа жалақының 50 пайызынан төмен болмауын қамтамасыз ету. Бұл әлемде қолданылатын халықаралық стандарттар», – деп түсіндірді ол.

Сатыбалды Дәулеталин назар аударған екінші аспект – жалақыны индексациялау.

«Қазақстанның дамуы, алға жылжуы, еліміздің тәуелсіздігі – осының бәрі қарапайым халықтың еңбегінің арқасы. Еңбекті құрметтеу, жұмысшыларға лайықты жағдай жасау, лайықты жалақымен қамтамасыз ету – әрбір мемлекеттің міндеті», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, ол кез келген мекеменің «кіші Конституциясы» саналатын ұжымдық шарттың маңыздылығына тоқталды.

«Осы құжаттың арқасында кәсіподақ ұйымдары жұмысшыларға қажетті әлеуметтік жеңілдіктер мен стандарттарды енгізіп, еңбек ұжымдарының мәселелерін шеше алады», – деді ҚРКФ басшысы.

Кездесуде филармония қызметкері ұлының ауырып жатқанын, ем алуы қымбат екенін айтып,оған қолдау көрсетуді өтінді.

Сатыбалды Дәулеталин Федерация кәсіподақ мүшелерін қиын жағдайда жалғыз қалдырмайтынын атап өтіп, оған қолдау білдірді.

«Біз сіздің жағдайыңызды зерттеп, барлық көмек көрсету мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», – деп сендірді Сатыбалды Дәулеталин.

Жиында өнер қайраткерлері мәдениет қызметкерлерінің мүддесін қорғауда кәсіподақтың рөлі зор екенін тілге тиек етіп, кәсіподақ басшыларына алғыс сөздерін жеткізді.

Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова осы кездесу қарапайым халықтың мәселелері оларды қорғаушы-кәсіподақүшін маңызды екеніне көз жеткізуге мүмкіндікболғанын атап өтті.

«Кәсіподақ жай ғана ұйым емес, ол біздің ортақ күшіміз бен тірегіміз. Солардың еңбегінің арқасында біз дамып келеміз, нәтижеге қол жеткізе аламыз. Барлық әріптестерімді кәсіподақ қатарында бірігуге шақырамын», – деді әнші. Оның бұл сөзін көрермендер қошеметпен қарсы алды.

Соңында марапаттау рәсімі өтіп, филармония қызметкерлерінің жетістіктері атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хаты гардеробшы Жақсыгүл Түсмағанбетова мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Халида Былкиловаға табысталды. Костюмші Зәуре Барбасова ҚРКФ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Киім дизайнері Анар Құлова ҚРКФ-ның «Еңбек озаты» медалімен, «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Әбдірақұл Есекеев ҚРКФ-ның «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін»» медалімен марапатталды.

ҚРКФ-ның «Қазақстан кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен белгілі қайраткерлер – Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Арайлым Рахым марапатталды.

Халық әні бөлімінің меңгерушісі Сейсенбай Сыздықовқа сіңірген еңбегі үшін ҚРКФ-ның «Кәсіподақ Ардагері» медалі табысталды.

Сондай-ақ, филармонияның бірқатар қызметкерлері салалық кәсіподақ тарапынан да марапаттарға ие болды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы