РҮК отырысы: ҚРКФ Төрағасы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұсынды

Астанада Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың басшылығымен өткен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті, оған Кәсіподақтар федерациясынан Комиссия мүшелері қатысты.

Кездесу барысында әлеуметтік әріптестер Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерін талқылады. Әлеуметтік шиеленістің алдын алу және еңбек жанжалдарын шешу басты назарда болды. 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімді іске асырудың іс-шаралар жоспарын бекіту әлеуметтік диалогты одан әрі дамытудағы маңызды қадам болды.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ағымдағы жағдайға кәсіподақ талдауын ұсынды. Ең алдымен, ол өткен жылмен салыстырғанда елдегі еңбек жанжалдары деңгейінің төмендегенін атап өтті.

Кәсіподақтар федерациясы жүргізген мониторинг деректеріне сәйкес, жыл басынан бері анықталған 66 жанжалдың 21-і кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда тіркелген. Қалған 24 жанжал кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда тіркелген. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының басшысы мәлімдегендей, келіссөздер нәтижесінде жанжалдардың 72,7 %-ы (48 жағдай) шешілді. Алайда 18 қақтығыс ереуілмен аяқталған.

«Жанжалдардың негізгі себептері – еңбекақы төлеу мәселелері, оның ішінде жалақының төмендігі, отандық және шетелдік қызметкерлерге еңбекақы төлеудегі дискриминация, салалар ішіндегі еңбекақы төлеудегі айырмашылық, жалақыны индекстеудің болмауы, сондай-ақ еңбек жағдайларының нашарлауы. Жанжалдардың басым бөлігі кәсіпорын әкімшілігінің белгілі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуден бас тартуынан туындаған», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол жанжалдардың көпшілігі жеке меншіктегі және шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындарда болатынын айтты.

ҚРКФ Төрағасы өз сөзінде еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу бойынша бірқатар шараларды ұсынды.

Атап айтқанда, ол жұмыс берушілер мен қызметкерлерге әлеуметтік-еңбек жанжалдарын реттеу және келіссөздер жүргізу әдістері бойынша оқыту өткізуді ұснынды.

«Өткен жылы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің шешімімен Кәсіподақтарды оқыту тұжырымдамасы қабылданды, бұл Кәсіподақтар федерациясының және оған қарасты ұйымдардың кәсіподақ қызметкерлерін даярлаудағы жұмысын айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік берді. Кәсіподақтық білімнің деңгейін ескере отырып, «Құқықтық білім беру», «Кәсіподақ десанты», «Білім беру марафоны», «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. 2024 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы мүше ұйымдармен бірлесіп, республика бойынша 32 492 адамды қамтыған 590 оқыту семинарын өткізді. Білім беру жобаларына жұмыс берушілер де, қызметкерлер де, оның ішінде Маңғыстау облысының өкілдері де қатысады. Білім беру жобаларымен қатар келісу, тексеру комиссияларының мүшелері, техникалық инспекторлар үшін модульдік семинарлар өткізілуде», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин оқу орындарында еңбек құқығы негіздерін оқытуды  ұсынып, құқықтық тәрбие мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар ҚРКФ басшысы ҚР ЕХӘҚМ қолдауымен «Еңбек консультациялары» акциясын ұйымдар мен кәсіпорындарда өткізу идеясының маңызын атап өтті.

Сондай-ақ жалақыны жыл сайынғы индексациялауды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі айтылды. Ол инфляция деңгейінен төмен болмауы керек.

Оның айтуынша, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі салалық комиссиялардың жұмысын күшейту өте маңызды.

Жалақы берешегінің мәселесі және жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету кәсіподақтар арасында бірқатар сұрақтарды тудыруда.

«Еңбекақы мәселесі – біздің азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының мәселесі. Жұмысшылар айлап жалақысыз жүргенде, ал бизнес қомақты пайда тауып жатқанда нарықты өркениетті деп санауға болмайды. Жалақы бойынша қарыздарды өтеудегі оң өзгерістерге қарамастан, біздің елімізде, әсіресе шағын бизнес саласында төлемді кешіктіру мәселесі өзекті бола бермек», – деді ҚРКФ басшысы.

ҚРКФ басшысы әлеуметтік әріптестік тараптарының қолданыстағы заңнаманы сақтауға және әлеуметтік жауапкершілікті түсінуге шақырды.

«Жағдайдың одан әрі дамуы әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптарының бірлескен іс-қимылдарын күшейтуді талап етеді», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ әлеуметтік әріптестер әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу бойынша Жол картасының жобасын қарады.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ұсынылған шаралардың маңызын атап өтіп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін әлеуметтік әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін тілге тиек етті.

Тамара Дүйсенова әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптарын Федерация өткізген кәсіподақ оқыту үлгісін, оның ішінде кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға шақырды.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік серіктестік тараптарының еңбекақы, әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті азайту және ұжымдық шарттар жасасу жұмысы жеткіліксіз екенін айтты.

Кездесу барысында «Qarmet» АҚ қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы жұмыстың негізгі аспектілері талқыланды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қорғау» көміршілер кәсіподағы ұсынған мәліметтерді баяндап, кәсіпорын қызметіндегі оң өзгерістерге тоқталды.

«2024 жылдың 11 айында «Qarmet» АҚ көмір департаментіне қарасты кәсіпорындарда өндірістік жарақаттың жалпы саны 20 жағдайды құрады, оның ішінде 1 өліммен аяқталған, 17 ауыр және 2 жеңіл жағдай болған. Бұл 2023 жылдың кезеңіндегі 111 оқиғамен салыстырғанда айтарлықтай төмендеу», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сонымен бірге ол еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қадағалау жұмыстарын күшейту, оның ішінде нақты сектордағы өндірістік кеңестер санын арттыру шараларын атап өтті.

Кеншілердің қауіпсіздік шараларына қатысты ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестерді белсенді өзара іс-қимылға шақырды және «Qarmet» АҚ кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды білдірді.

Ең алдымен, ҚРКФ басшысы шахталарды позициялау жүйелерімен жабдықтаудың маңызын атап өтті.

«Бүгінде «Казахстанская» және «Күзембаева» шахталарында позициялау жүйесі орнатылған. Кәсіподақтар мұндай жүйелерді барлық шахталарға орнатуды жақтайды. Өйткені олар кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол техникалық инспекторларды оқыту қажеттілігіне ерекше тоқталды. ҚРКФ мәліметінше, бүгінде «Qarmet» АҚ көмір департаментінде өндірістік кеңес жұмыс істейді. Ол 2024 жылдың 11 айында қауіпсіздік мәселелері бойынша 2 отырыс өткізді. Бекітілген 29 техникалық инспектор 47 тексеріс жүргізіп, қауіпсіздік талаптары бойынша 1452 бұзушылық анықтап, түзетіп отыр.

Сондай-ақ өндірістік кеңес отырыстарының жиілігін арттыру және оның еңбек қауіпсіздігін қадағалау мәселелері бойынша өкілеттіктерін кеңейту ұсынылды.

ҚРКФ басшысы «Qarmet» АҚ кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын құзырлы мемлекеттік органдардың жан-жақты тексеруін маңызды деп санайды.

Отырыс барысында әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық саясат, еңбек қатынастарын жақсарту сияқты кең ауқымды мәселелерді қамтитын Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімді іске асырудың іс-шаралар жоспары бекітілді.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бас келісімнің мақсаттарына қол жеткізу, соның ішінде жұмысшылардың өмір сүру сапасын жақсарту және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету бойынша барлық әлеуметтік әріптестер қабылдаған міндеттемелерді орындаудың маңызын атап өтті. Ол Жоспарда Қазақстандағы еңбек жанжалдарының алдын алуға және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған Кәсіподақтар федерациясының көптеген ұсыныстары ескерілетін болады.

Кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік әріптестер Республикалық үшжақты комиссияның отырыстарын тоқсан сайын өткізу, оның ішінде көшпелі отырыстарды өткізу мүмкіндігі туралы келісімге келді.

Сонымен қатар, тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері бойынша жұмыс берушілердің есептері тыңдалатын салалық және өңірлік комиссиялардың отырыстарына РҮК өкілдерінің қатысуы туралы шешім қабылдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы