«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы жалғасуда

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен «Еңбекші әйелдердің әлеуметтік саладағы рөлі: мәртебесі мен құқықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Елімізде 25 қарашадан бері «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясының өтіп жатқаны белгілі. Аталған шара осы акция аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел барысында “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова жиналғандар алдында акцияның мән-маңызына тоқталды.


Басқосуда облыстық Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасы Жұмагүл Жұмабаева, «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталық директорының орынбасары Арайлым Тоқсанбаева, «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының психологы Гүлзипа Сатығалиева, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлманат Тілеумұхаметова, Қандыағаш қаласының №3 мектеп-гимназиясының аға тәлімгері Ғайша Мукушева, Мұғалжар ауданы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі Әлия Омарова, «Қамқор» отбасын қолдау орталығының басшысы Салтанат Сұлтанова, Қобда қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жандос Нұрлыбай тақырыпқа байланысты баяндама жасап, жаһандық науқанға қатысты жиналғандардың көзқарасын білді.

Дөңгелек үстелде баяндамашылар зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тиімді жүргізу жолдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, болашақта осы тақырып аясында ұйымдастырылатын іс-шаралардың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Басқосу барысында қатысушылар қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, оған қарсы күрес шараларын күшейту және осы бағыттағы тиімді әдістерді жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Аталған акцияны өткізу кезеңінде заманауи инновациялар мен кәсіби біліммен, практикалық тәжірибемен алмасу арқылы қоғамның назарын зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимыл шараларын жүргізу қажеттілігіне аудару қажет, өзінің лауазымдық және қоғамдық өкілеттіктері шеңберінде үнемі әлеуметтік қорғауға мұқтаж адамдарға нақты көмек пен қолдау көрсету қажет”, – деп атап өтті жиынға қатысушылар.


Айта кетейік, дөңгелек үстелге облыстық комиссия мүшелері, білім беру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, жастар ісі жөніндегі Кеңес мүшелері, заң қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.