Кәсіподақ жұмысы оң бағаланды

«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ІІ-ші есеп беру – сайлау конференциясы өтті. Конференцияға «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев, «Қызмет» салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары – Астана қалалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқымбек Құрманбек және сайланған делегаттар мен арнайы шақырылғандар мекемелер басшылары, тағы басқалар қатысты.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов пен тексеру комиссиясының төрағасы Ержан Бакиров 2020-2024 жылдар аралығында атқарған жұмыстарына және жұмсалған қаржылары бойынша есеп берді. Олардың айтуынша, 56 мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, жалпы ұйым саны 66-ға, ал олардағы кәсіподақ мүшелерінің саны 5 мың адамға жеткен.

Есепті мерзім ішінде кәсіподақ мүшелеріне шипажайларға 42 жолдама беріліп, 3 млн. 782 мың теңгеге жеңілдіктер жасалған.

Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне 1 млн. 364 мың тегеге қаржылай қайырымдылық, әлеуметтік-материалдық көмектері де берілген.

Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын сауықтыру мақсатында 2023-2024 жылдары қалалық спартакиада өткізіліп, оған 1000-ға жуық кәсіподақ мүшелері қатысқан.

Есепті мерзім ішінде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында     мүшелік ұйымдарда 306 кездесу өткізіліп, оған 16784 адам қамтылған.

Нәтижесінде филиал қызметкерлері мекемелердің кәсіподақ мүшелерін, ал кәсіподақ мүшелері филиал қызметкерлерін жақыннан танып, бір ұжымның, бір үйдің баласындай бір-біріне деген нық сенім пайда болған.

Кәсіподақ қозғалысының дамуы, жұмысының алға басуы – кәсіподақ мүшелерін моральдық және материалдық ынталандыруына да байланысты екені белгілі. Ол бойынша есепте кезеңде жалпы 1360 адамға моральдық және материалдық ынталандыру жасалған.

Конференция жұмысында хатшылық, редакциялық комиссия, санақ комиссиясы және мандат комиссиясы міндеттеріне сәйкес өз жұмыстарын жасап, мерзімді хабарламалар жасап отырды.

Шымкент қалалық филиалының 2020-2024 жылдар аралығында атқарған жұмыстарына «қанағаттанарлық» деген оң бағасын беріп, тексеру комиссиясының есебі бекітілді. Кәсіподақ филиалының төрағасы болып Серік Әуесханов, ал тексеру комиссиясының төрағасы болып Ержан Бакиров бірауыздан қайта сайланды.

Сондай-ақ, қалалық Кеңестің және Атқару Комитетінің жаңа құрамдары бекітіліп, «Қызмет» салалық кәсіподағының XII-съезіне 3 адам делегат болып сайланды.