Әлеуметтік әріптестер еңбек мәселелерін талқылады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысына облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жұмыс берушілердің өкілдері, сондай-ақ бейне байланыс арқылы барлық аудан әкімдері қатысты.
  
Еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында өңірдегі еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек дауларының алдын алу мен әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша қала және аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарының есептері тыңдалды.
Отырыста алғашқы болып сөз алған  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақовтың өңірдегі әлеуметтік-еңбек жағдайының ахуалы туралы баяндамасы тыңдалды. Оның мәліметтері бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторларымен осы жылы 137 тексерулер жүргізіліп, 334 бұзушылықтар анықталған. Осы жылы облыстың 2619 кәсіпорны  23680 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23,7 пайызға көтерген.
Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық және аудандық үшжақты комиссияның 74 отырысы өтіп, онда 111 мәселелер қаралып,  1603 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысы бойынша 24 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясы, 15 кәсіпорында «Халықтық  бақылау» жобалары енгізілген.
Кездесуде, сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов өңірдегі бірқатар ірі және орта кәсіпорын басшылары кәсіподақ ұйымын құрудан қашқақтап жүруіне байланысты, әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстарын жандандыруды облыс әкімінің назарына жеткізді.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев,  әлеуметтік-еңбек дауларын болдырмау, еңбекақының уақытылы төленуі мен  отырыста көтерілген барлық мәселерлерге қатысты комиссия мүшелеріне және барлық аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына  хаттамалық тапсырма беріп, бірқатар міндеттерді жүктеді.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, “16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні” мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісімен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақовты салтанатты түрде марапаттады.