18-19 желтоқсан аралығында Стамбулда Халықаралық еңбек ұйымының ұйымдастыруымен «Бейресми экономика мәселелерін шешу және ресми экономикаға көшуді жеңілдетудің инновациялық тәсілдері» атты Еуропа және Орталық Азия елдері үшін аймақтық білім алмасу форумы өтуде. Форумға ұлттық үкіметтердің, жұмыс берушілер мен жұмысшылар бірлестіктерінің өкілдері қатысуда. Форумға қатысушылар арасында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева да бар. Форум мүдделі тараптардың қатысуымен тақырыптық сессиялар форматында өтеді.
Бейресми экономикаға қарсы күрестегі ілгерілеу мен қиындықтарды талқылауға арналған бірінші панельдік сессияда ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да бейресми жұмыспен қамту артып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде республикада түрлі интернет–платформаларда өздерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға, соның ішінде тәуекелдерді сақтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін әлеуметтік кепілдіктермен қамтылмаған 1 миллионға жуық азамат қызметін жүзеге асыруда.
Гүлнар Жұмагелдиева 2021-2023 жылдары қазақстандық кәсіподақтардың жаңа Әлеуметтік кодексті әзірлеуге қатысқанын хабарлады. Онда жұмыспен қамтудың икемді нысандарын реттеу мәселелері көрсетілген. Осылайша, Әлеуметтік кодекске жаңа анықтамалар енгізілді: «бірлескен еңбек», «жылжымалы жұмыс кестесі», «төрт күндік жұмыс аптасы», «платформалық жұмыспен қамту».
«Кәсіподақтар федерациясы платформаларда жұмыспен қамтылғандарды қолдау мақсатында Парламенттің жұмыс тобына жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық шарт жасасу кезінде бұл шартта еңбек шарты белгілерінің кем дегенде біреуі болған жағдайда заңнамалық тыйым салу туралы заң жобасын қарауға ұсыныс білдірді. 2025 жылы әзірленіп жатқан жаңа Салық Кодексі шеңберінде интернет–платформалар арқылы жұмыс істейтін тұлғалар үшін оңайлатылған салық режимін енгізу жоспарлануда. Ол арқылы МӘСҚ, БЖЗҚ, МӘМС – тен әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ете отырып, қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесіне тарту жүзеге асырылады», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Бейресми жұмыспен қамту саласының қызметкерлерін кәсіподақтарға тарту мәселесіне қатысты Гүлнар Жұмагелдиева бірқатар қиындықтарды атап өтті. Олардың ішінде – стандартты емес жұмыспен қамту қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеудің жеткіліксіз деңгейде болуы, салалық белгілер бойынша міндеттеме түріндегі кедергі, дислокация мен кәсіптік тиесілігі бойынша бытыраңқылық, еңбек қызметінің қысқа мерзімділігі мен тұрақсыздығы, сондай-ақ көптеген жағдайларда жұмыс беруші тараптарының болмауы. Спикер платформа қызметкерлерінің Еңбек және сот практикасындағы нақты жағдайларын мысал ретінде келтірді.
«Еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың қажеттілігін ескере отырып, жұмыспен қамтудың осал түрлерінің қызметкерлерін біріктіріп, өкілдік жасау қажет. Кәсіподақтар федерациясына бейресми сектордағы жұмысшылар – такси жүргізушілері, риэлторлар, шаштараздар, мейрамхана қызметкерлері жүгінді. Нәтижесінде ҚРКФ қолдауымен Жергілікті қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы құрылды. Біз үшін бұл кәсіподақ қатарына бейресми жұмыспен қамту саласының қызметкерлерін тартудағы алғашқы тәжірибе болды. Алайда, бүгінде бұл жоба айтарлықтай алға баспады. Себебі қызметкерлер бұл мәселеге аса қызығушылық танытпайды, ұйымдастыру мәселелеріне және әлеуметтік әріптестік жүйесіне қатысуға мүмкіндіктері болмайды. Сондай-ақ Кәсіподақтар туралы заңнама ерекшеліктерінің болуы сезіледі», – деді Қазақстан өкілі.
Бұл ретте Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ/ АКТРАВ қолдауымен платформа жұмысшыларын кәсіподақ қозғалысына тарту бойынша зерттеу жүргізіп, нақты шараларды ұсынды.
«Біріншіден, кәсіподақтарды тек өндіріс пен салалық негізде құру керек деген шектеуді жою, әлеуметтік және еңбек құқықтары бөлігінде платформалық және дәстүрлі қызметкерлерді теңестіре отырып, платформалық жұмыспен қамтудың тұжырымдамалық аппаратын заңнама жүзінде бекіту арқылы еңбек және кәсіподақ заңнамасын жектілдіру қажет. Екіншіден, әлеуметтік әріптестік тараптарын, әсіресе платформалық жұмыспен қамту саласындағы жұмыс берушілер тараптарын айқындау мәселесін ұлттық деңгейде шешу керек. Үшіншіден, дәстүрлі жұмысшылар бірлестіктерінің тәжірибесін пайдалана отырып, мүмкіндігінше платформа жұмыскерлерінің белгілі бір санаттары ұқсас кәсіподақтарға тарту немесе мүдделерді білдіру және қорғау үшін олармен шарттық қатынастар орнату қажет. Төртіншіден, платформа қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Ол биылғы жылы Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Қазақстанның кәсіподақтарын қазіргі заманғы шындыққа бейімдеуде, мәселелерді шешуде, бейресми жұмыспен қамтуға және платформалық жұмысқа қатысты кәсіподақтарды трансформациялау мақсатында жоба іске қосылғанын айтты. Әзірленген ұсыныстардың ішінде: заңнаманы одан әрі жетілдіру және лайықты еңбек пен бейресми экономика тапшылығын азайтуға бағытталған мемлекеттік шараларды әзірлеу; платформа қызметкерлерін кәсіподақтар қатарына тартуға қолайлы құқықтық жағдай жасау; еңбектің жаңа нысандарымен айналысатын жұмысшылардың ұйымдастыру және жұмысқа қабылдау мәселелері бойынша стратегиялық іс-шаралар жоспарларын айқындау; кәсіподақтар көрсететін құқықтық көмекті күшейту.
«Әлеуметтік әріптестік жүйесінде кәсіподақтар қызметкерлердің негізгі өкілі екенін ескеріп, біз қол жеткізілген артықшылықтарды нығайтатын боламыз. Осылайша, Бас келісім аясында тараптар еңбек нарығын дамыту және халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін еңбек ұтқырлығы мен көші-қонын ынталандыру, еңбек қатынастарын рәсімдеу және стандартты емес жұмыспен қамтудың барлық түрлерінде әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту бойынша міндеттемелер қабылдады. Бас келісімде ХЕҰ-ның әлеуметтік қорғаудың ең төменгі деңгейлері туралы № 102 конвенциясын ратификациялау бойынша жұмыс жүргізу міндеттемелері бекітілгенін, ол сондай-ақ бейресми еңбек қызметкерлерінің санаттарын әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтуға ықпал ететінін атап өткен жөн. Осы Конвенцияны ратификациялау ұсынымдарын әзірлеу шаралары ағымдағы жылы қол қойылған Қазақстан Республикасында Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасында да көрсетілген“, – деп бөлісті ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын біріктірген ХЕҰ Стамбул форумы екі күн ішінде Еуропа мен Орталық Азияның түрлі елдерінің үкіметтері, жұмыс берушілері және қызметкерлерінің өкілдеріне тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеудің жалпы тәсілдерін әзірлеу үшін күш біріктіруге және нақты ұсыныстар беруге мүмкіндік береді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы