«Қазгермұнай» біріккен кәсіпорынында 2025-2027 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды. Ақшабұлақ кеніш басында өткен Ұжымдық шартқа қол қою рәсіміне Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, мұнай-газ кешені салалық кәсіподағы өкілі Алтынхан Искакова, компанияның еңбек ұжымы және компанияның бас директоры Зияш Қияқбаев, оның бірінші орынбасары Мин Хайхуэй қатысты.
Келісімге қол қою алдында компанияның цехтарында, учаскелерде, бөлімдерде жобаны кеңінен талқылау, серіктестік жұмыскерлерінен ұсыныстар жинау жүргізіліп, компанияның қаржылық-экономикалық жағдайы талданған. Жиында құжаттың басты ерекшелігі – кәсіпорын жұмыскерлерін барлық әлеуметтік кепілдіктерді сақтау екендігі айтылды.
Жұмыскерлер үшін маңызды құжаттың қол қойылу рәсіміне куә болған Марат Бәйімбетов компанияда тұрақты қалыптасқан әлеуметтік әріптестік үшін ризашылық білдіріп, жаңа Ұжымдық шарттың жасалуымен еңбек ұжымын құттықтады.
Компанияның бас директоры компания мұнай өндірудің азаюына және өндірістік емес шығындарды үнемдеу мәселелеріне қарамастан, қолданыстағы құжатта бекітілген жағдайлардың нашарлауына жол берілмегендігін айтты. Жаңа Ұжымдық шарт компаниядағы алдыңғы шартта көзделген барлық әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді сақтап қалған. Оларға баланың тууына, некеге тұруына, мерейтойлық күндеріне, жасына байланысты зейнеткерлікке шығуына, әскери қызметке шақырылуына байланысты біржолғы жәрдемақы төлеу, отбасында мүгедек балалары бар, жалғызбасты аналар/әкелер болып табылатын,асырауында 21 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар жұмыскерлерге материалдық көмек көрсету, жақын туысы қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ жұмыскер қайтыс болған жағдайда оның туыстарына, мемлекеттік және кәсіби мерекелерге арналған сыйлықақылар жатады.