ҚР Кәсіподақтар федерациясы Лайықты еңбек жылын қорытындылады

Сәрсенбі, 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңес отырысын өткізді. Онда ҚРКФ және оның мүшелік ұйымдарының 2024 жылы Лайықты еңбек жылы аясында өткізген қызметін қорытындыланды.

Бас кеңестің жұмысын аша отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздің кәсіподақ қозғалысы тарихында орын алған өткен жылдың маңызды оқиғаларына тоқталды.

ҚРКФ басшысы, ең алдымен, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көрсетілген көмекке баса назар аударды.

«Бұл қиын жағдайда Кәсіподақтар федерациясы да шет қалмады: 225 миллион теңгеден астам материалдық көмек пен 14 миллион теңге гуманитарлық көмек жиналды. Үйінен айырылғандарға тұрмыстық техникаға 45 сертификат берілді. Бірақ ең бастысы, біз кәсіподақ шипажайларына 214 адамды орналастырып, денсаулығын жақсартып, сауықтыру арқылы адамдарды материалдық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да қолдадық», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының Республикалық референдум аясында АЭС салуға қолдау көрсеткенін де атап өтті.

«Федерация еліміздегі АЭС құрылысын қолдап, өнеркәсіпті дамыту мен жұмысшылардың денсаулығы үшін қолжетімді және таза энергияның маңыздылығын атап өтіп, АЭС құрылысын қолдауға үндеу жариялады. Бұл ретте жобаны жүзеге асыруға отандық мамандардың қатысу және ортақ азаматтық жауапкершіліктің болу қажеттігін басты назарда ұстадық», – деп, тілге тиек етті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясы және оның еншілес құрылымдары 2024 жылды Лайықты еңбек жылы аясында өткізді, оның барысында ҚРКФ басшысы атап өткендей, күш-жігер әлеуметтік диалогты нығайтуға, еңбек құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге және қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге бағытталды.

Әлеуметтік диалогты нығайту туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин жұмыс берушілер мен билік органдарымен тығыз қарым-қатынас жасауға негіз болған 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімге, 10 салалық және 20 өңірлік келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.

«Ағымдағы жылы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның 2 отырысы өтті. Онда еңбек дауларының алдын алу және шешу, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу және бекіту мәселелері қаралды. Сондай-ақ ірі кәсіпорындардағы ахуал туралы, оның ішінде сапалы және қауіпсіз жұмыс орындарын құру бойынша қабылданып жатқан шаралар тыңдалды. Осыған ұқсас мәселелер жергілікті жерлерде өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстары шеңберінде қаралды», – деді ҚРКФ төрағасы.

Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру саласында да айтарлықтай нәтижелер аталды.

«Кәсіподақтар федерациясының бастамасының нәтижесінде 2024 жылғы 1 наурызда РҮК (республикалық үшжақты комиссия) отырысында ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жобасы мақұлданды. Ал 2024 жылдың 20 наурызында Үкіметтің қаулысымен бұл жоба бекітілді. 2024 жылы ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтерілді, бұл 1,8 миллион жұмысшының, оның ішінде 350 мың бюджеттік сала қызметкерінің кірісіне оң әсер етті. Ауыр еңбек жағдайлары үшін қосымша төлем 2024 жылдың шілдесінен бастап, орман шаруашылығы қызметкерлерінің лауазымдық жалақысының 100% мөлшеріне өсті. Қабылданған шаралар нәтижесінде 3,1 миллиард теңге қарыз өтеліп, 16,5 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғауға мүмкіндік берді», – деп, баяндады Сатыбалды Даулеталин.

Сонымен қатар, ҚРКФ басшысы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы оң динамикаға назар аударды.

«ҚРКФ мониторинг деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 10 айында жазатайым оқиғалардың саны 30%-ға қысқарды. Соның ішінде кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың 31%-ға азайғаны байқалады», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Оның айтуынша, бұл саладағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын енгізу, 2024–2030 жылдарға арналған Өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасын қабылдау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау заңнамасын жетілдіру бойынша нақты шаралар белгіленген лайықты еңбекті ынталандыру жөніндегі Жол картасына қол қою сынды бірқатар өзгерістер ықпал еткен.

«213 кәсіпорынды қамтыған «Халықтық бақылау» жобасын және 3885-тен астам кәсіпорын қосылған «Vision Zero» тұжырымдамасын жүзеге асыру еңбек жағдайына мониторингті күшейтудегі маңызды қадам болды. Сонымен қатар, біз Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығын қалпына келтіруге қол жеткіздік. Бұл жұмысшылар үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасау мәселесінде маңызды қадам болмақ», – деді ҚРКФ төрағасы.

Федерацияның еңбек дауларының алдын алу және шешудегі қызметі де оң көрсеткіштермен атап өтілді, олардың саны 2024 жылы 29%-ға төмендеді.

«Тіркелген 60 жағдайдың 44-і (73%) келіссөздер мен түсіндіру жұмыстарының арқасында ереуілге жетпей шешілді. Құрылған қадамдық іс-қимыл алгоритмі туындаған дауларға тиімді ден қоюға көмектесті. Ал 2025–2026 жылдарға арналып, бекітілген Жол картасы даулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осы жыл ішінде 1100-ден астам еңбек консультациялары өткізілді, оған 9 мыңға жуық жұмысшы қатысты, сонымен қатар 35 мың адамға 491 оқыту семинары өткізілді», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы халықаралық ынтымақтастықтағы серпіліске ерекше назар аударып, осы саладағы бірқатар маңызды оқиғаларды баяндады.

«ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға алғашқы сапары туралы үлкен мақтанышпен айта аламыз. Ол Федерацияның қызметіне жоғары баға беріп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, гендерлік теңдік, жастарды жұмыспен қамту, ХЕҰ Конвенцияларын ратификациялау және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу сияқты негізгі мәселелер бойынша Федерацияның жұмысына қызығушылық танытты», – деп мәлімдеді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол сондай-ақ Қазақстанда Еуропаның 54 елінің өкілдерімен БЕАК-2025 жазғы мектебі өтетінін хабарлады.

ҚРКФ қызметінің негізгі бағыттары туралы толығырақ Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасарлары айтып берді.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев қызметтің негізгі бағыттарының бірі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету екендігін атап өтті.

Жалпы, биылғы жылы республика бойынша 852 өндірісте жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 958 адам зардап шексе, оның 140-ы қаза тапты. ҚФР-ға мүше ұйымдарда 290 жазатайым оқиға орын алып, 318 адам жарақат алды.

Жарақаттануды азайту шаралары туралы айта келе, ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары өндірістік кеңестердің жұмысы, заңнаманы өзгерту бойынша жұмыс топтарына Федерация өкілдерінің қатысуы, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне практикалық көмек көрсету туралы баяндады.

ҚРКФ негізгі міндеттерінің бірі қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге көмектесу болып қала береді. Еңбек жанжалдарының туындауын болдырмау үшін ҚРКФ жалпы республикадағы және өңірлердегі жергілікті деңгейде әлеуметтік шиеленіс жағдайына күнделікті мониторинг жүргізеді.

«Әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді шешу мақсатында Әлеуметтік әріптестік жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешудің 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. ҚРКФ мен оған мүше ұйымдардың өкілдері Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтары жоқ 9 кәсіпорынды қамтитын 25 еңбек дауын шешуге қатысты. Бұл сәйкесінше жалпы еңбек жанжалдарының төмендеуіне ықпал етті. ҚРКФ-на мүше ұйымдардың жүйелі жұмысының арқасында 29 еңбек жанжалдары шешіліп, мониторингтен алынды», – деді Мұхтар Тінікеев.

Баяндамашы ұжымдық шарттардың сапасын одан әрі арттыру, еңбекақы бойынша берешекті азайту, қоғамдық бақылауды күшейту және жұмыс берушілер мен қызметкерлерді жанжалдарды шешу саласында бірлесіп оқытудың маңызына тоқталды.

Осы ретте ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Федерацияның нормашығармашлық қызметі туралы айтып, оның аясында Федерация өкілдері 106 заң жобасын қарауға, қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту және еңбек құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар енгізуге қатысқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар,Гүлнар Жұмагелдиева 3,5мыңнан астам өтінішті қараған ҚРКФ Заң клиникасымен оның өңірлік филиалдары қызметінің нәтижелері туралы хабарлады.

Гүлнар Жұмагелдиева Федерацияның гендерлік саясатын белсенді ілгерілету туралы айта келе, оның шеңберінде “Еңбек саласындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік” тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын және Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өткенін айтты.

Оның айтуынша, 2025 жылы Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтуге, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтықты жоюға, әйелдердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және ХЕҰ №190 Конвенциясын ілгерілетуге баса назар аударады.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақтардың ақпараттық кеңістікте жариялануы туралы баяндап, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың өскенін атап өтті.

Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» және «Халықтық бюджет» жобаларымен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.

«Есептік кезеңде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» жобасы бойынша жұмыс жалғасты.

Акция басталғалы 2021 жылдың ақпанынан 2024 жылға дейін қоса алғанда барлығы 2931 отырыс өткізілді, оның ішінде Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен 311 кездесу, аумақтық кәсіподақ төрағаларымен 2620 кездесу өткізілді, оларға 103859 кәсіподақ мүшелері қатысты. 2024 жылы Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен 36 кездесу, аумақтық кәсіподақ бірлестіктері деңгейінде 669 кездесу өткізіліп, оларға  барлығы 24 мың кәсіподақ мүшелері қатысты. Талқылау аясында 307 түйткілді мәселе көтерілсе, оның 234-і мүше ұйымдар деңгейінде шешілді, 73-і бақылауда», — деді Нұрлан Өтешев.

Кәсіподақ мамандарын даярлау мәселелеріне қатысты «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту», «Кәсіподақ десанты», «Білім беру марафоны», «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобалары туралы хабардар етті.

Есепті кезеңде Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақ бірлестіктері «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» жобасы аясында еңбек ұжымдарымен 260 кездесу өткізіп, оған 14758 жұмысшы қатысты.

«Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» онлайн жобасының барлық кезеңінде 6 топ оқу бітіріп, 600-ге жуық жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары 36 сағаттық оқыту курсынан өткендігін растайтын сертификаттар алды.

Есепті баяндамалардың қорытындысы бойынша кәсіподақ жетекшілері – Бас кеңес мүшелері әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі шаралар туралы пікірлерімен бөлісті.

Қазақстандық салалық энергетика қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас нөлдік жарақатты қамтамасыз ету мәселесі бойынша Жұмыс берушілер қауымдастығының есебін Республикалық үшжақты комиссияның отырысында қарауға бастамашылық жасауды ұсынды.

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова әлеуметтік әріптестік жөніндегі көптеген салалық үшжақты комиссиялардың жеткілікті түрде тиімді жұмыс істемейтінін атап өтті.

Өз кезегінде «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов Бас келісімнің негізгі ережелерін іске асыру үшін әлеуметтік әріптестермен қарым-қатынасты күшейтудің маңыздылығына баса назар аударды.

Химия, мұнай-химия және өнеркәсіптің ұқсас салаларықызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Керім Пірімқұлов әріптестеріне ХЕҰ-ның № 102 (әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы) және № 131 (дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы) конвенцияларын ратификациялау бойынша жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Әріптестерінің сұрақтары мен ұсыныстарын қорытындылай келе, ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Республикалық үшжақты комиссия бейінді министрліктер мен кәсіпорын басшыларының әлеуметтік әріптестікті дамыту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі есептерін тыңдай отырып, РҮК-ның тоқсан сайынғы отырыстарын өткізу туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

«Сонымен қатар, Федерация мен оның мүшелік ұйымдары алдағы жылы Қазақстан Президенті Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған жылы әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл бойынша нақты ұстанымдарды ұстанатын болады. ХЕҰ-ның № 102 және № 131 конвенцияларын ратификациялау мәселелеріне келетін болсақ, ағымдағы жылы Женевада Қазақстан атынан өкілдік еткен әлеуметтік әріптестер – Кәсіподақтар федерациясы, Үкімет және жұмыс берушілер бірлестігі атынан осы конвенцияларды ратификациялауды көздейтін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі Жол картасына қол қойды», – деп еске салды Бас Кеңес мүшелеріне Сатыбалды Дәулеталин.

Қарағанды ​​облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабеков Кәсіподақтар федерациясы органдарының жарғы ережелері мен шешімдерінің орындалу барысы туралы баяндап, облыста әкімдік, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылғанын хабарлады. Кәсіподақтар оған еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеу және қызметкерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды қамтитын «Лайықты жағдайлар және еңбекақы төлеу» бөлімін енгізуге қол жеткізді.

Машина жасаушылар салалық кәсіптік одағының төрағасы Төлеген Қазанғапов кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсетуді,санаторий-курорттық емдеуді, оқытуды, қоғамдық және сараптамалық кеңестерге қатысуды, еңбек дауларын шешуді қоса алғанда, салалық кәсіподақтың қызметі туралы ақпаратты ұсынды.

Ол еңбек дауларын сот тәртібімен шешудегі кәсіподақтық практиканың кейстермен бөлісті. Оның деректері бойынша, ағымдағы жылы салалық кәсіподақтың қатысуымен кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 150 сот отырысы өтті. Олардың барлығы жұмысшылардың пайдасына орай шешілді.

Бас кеңестің отырысы ҚРКФ-ның 2024 жылғы қызметі туралы есепті мақұлдауды, 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын және БЕАК-2025 жазғы мектебін дайындау және өткізу  жоспарын бекітуді,сондай-ақ ҚРКФ Бас кеңесінің құрамын өзгертуді қамтитын бірқатар қаулыларды қабылдаумен жалғасты.

Басқарушы органның жаңа мүшесі болып бірауыздан “Жактау” ҚБ металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин сайланды, ол Федерацияның өткен жылғы қызметі туралы өз пікірімен бөлісті.

«Бас кеңес әлеуметтік диалогтың маңыздылығын және ұжымдық келіссөздердің тиімді екенін тағы бір мәрте растады. Біз жұмыс істейтін тау-кен металлургия өнеркәсібінде еңбек қауіпсіздігі ең маңызды мәселе. Сондықтан кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың 31 пайызға төмендеуі – біз үшін айтарлықтай жетістік. Біз техниканы кезең-кезеңімен жаңартуды, жұмысшылардың біліктілігін арттыруды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды талап етуді жалғастырамыз. 2025 жылы біз жастармен жұмыс істеуге, кәсіптік бағдар беруге және металлургия саласына жас мамандарды тартуға баса назар аударамыз. Біздің міндетіміз – кәсіподақ мүшелерені лайықты еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қамсыздандыруды қамтамасыз ету», – дейді Виктор Щетинин.

Оң өзгерістерге қол жеткізу үшін ұжымдық іс-қимылдың маңыздылығын Астана қаласы білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев те атап өтті.

«Ең төменгі жалақыны көтеру халықтың табысына оң әсер етеді. Дегенмен, біздің алдымызда мұғалімдердің жалақысын одан әрі арттыру, еңбекке қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. 2025 жылы жұмысшы мамандықтары жылы педагог кадрлардың әлеуметтік қорғалуын жақсартуға, лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етуге баса назар аударатын боламыз», – деп жоспарларымен бөлісті Батыр Әлиев.

Өз кезегінде, Бас кеңес мүшесі – құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Астана қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова Лайықты еңбек жылындағы жұмыстың нәтижелерін атап өтті.

«Еңбек адамы» имиджін ілгерілету, әлеуметтік және еңбек жанжалдарының  алдын алу бойынша әлеуметтік әріптестік тараптарының тиімді іс-қимылын арттыру, еңбек ұжымындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге ықпал ететін ауқымды жұмыс атқарылды. Кәсіподақ-бұл командалық жұмыс, бұл ретте құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ҚРКФ мүшелік ұйымы болып табылады. Мен үшін есте қаларлықтай жарқын оқиға – ҚРКФ ұйымдастырған Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау күніне арналған «KASIPODAQ WIN-2024» ынтымақтастық жүгірісі болды. Онда жиналған қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жіберілді. Барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмысының тиімділігін арттыруды дамыту және жаңа құралдарын пайдалану, ең алдымен, кәсіподақ мүшелігін ынталандыруда жатыр. Бізге қосылған әрбір жаңа адам-біздің жеңісіміз», – деді Тілеулес Мадьярова.

Әріптесінің пікірімен ГРЭС-1 жұмысшылары кәсіподағының төрағасы, Бас кеңестің мүшесі Татьяна Чигвинцева да келіседі.

«Кәсіподақтар федерациясының Лайықты еңбек жылындағы жұмысы көптеген салаларда, соның ішінде энергетикада оң нәтиже берді. Біз үшін еңбек қауіпсіздігі ерекше маңызға ие және біз жазатайым оқиғалар санының азаюына қуаныштымыз. Дегенмен, алдымызда өндірісті жаңғырту мен инновациялық технологияларды енгізуге байланысты жаңа міндеттер де тұр. Жаңа құрал-жабдықтармен дұрыс пайдалануды оқыту және қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалуын қамтамасыз ету маңызды. 2025 жылы біз мамандарымыздың біліктілігін арттыруға және энергетика саласы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге баса назар аударамыз», – деп атап өтті Татьяна Чигвинцева.

Отырыс жұмысын аяқтай отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ҚРКФ мен оның мүшелік ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап, 2025 жыл Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығымен, Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығымен, ҚРКФ кезекті Съезімен атап өтілетінін мәлімдеді.

«Біз «Әр жұмысшыға лайықты еңбекақы» тұжырымдамасын және Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын ілгерілетуді жалғастырамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл – Еңбек адамын құрметтеуден, пайдалы еңбегін мойындаудан бастау алатын шынайы қолдаудың ең маңызды қадамы. Жұмысшы мамандықтары туралы қоғамдық қабылдауды түзету үшін кәсіптік бағдар беру сипатындағы ақпараттандыру жұмысын күшейту қажет. Табысты еңбек мысалдарын эфирге беру, кәсіптер мен өндірістің әртүрлі түрлері туралы айту керек.Біз сондай-ақ нормашығармашылық қызметке қатысу арқылы қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Соның ішінде облыстық деңгейде бұл жұмысқа «Еңбек» депутаттық топтарын белсенді тартуды жалғастырамыз. Сонымен қатар, кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық құралдарды енгізу арқылы кәсіподақтарды цифрландыру бойынша жұмысымызды күшейтеміз. Басты назарда қарапайым еңбек адамы екенін тағы да еске саламыз. Біз қарапайым кәсіподақ мүшелері күтетін нәтижеге ұмтыламыз. Ол үшін жұмысты тиімді және жақсы қарқынмен қайта ұйымдастырамыз», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы ұсынған «Тарихқа-тағзым, бүгінге-өзгеріс, болашаққа-сенім» деген 2025 жылғы ұстанымын Бас кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы