Сенат депутаттарымен кездесу өтті

Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығында ҚР Парламент Сенатының депутаттары – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров пен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарованың қатысуымен кәсіподақтар активімен және кәсіподақ ардагерлерімен кездесуі өтті.

Кездесуде «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Ол еңбек демалысы барысында бір айлық жалақы көлемінде берілетін жәрдемақы бірқатар кіші қызметкерлерге (еден жуушы, күзетші және т.б.) берілмейтінін тілге тиек етті.

«Салалық келісімнің жасалғанына екі жылдың жүзі болса да, оларға әлі күнге осы жәрдемақыны беру туралы Үкіметтің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмей келеді. Осы әлеуметтік теңсіздікті жойып, Еңбек адамының ерен еңбегіне сай жағдай жасау қажет», – деді Серік Әуесханов.

Тағы бір өзекті мәселе – Шымкент қаласының мегаполис статусына ие болғанымен басқару жүйесі әлі де ескі жүйеде қалуы. Осыған байланысты  Шымкент қалалық филиалдың төрағасы Серік Әуесханов аудан әкімдіктерінде дербес бөлімдер ашылып, әр аудандағы мәселені тиісті аудан әкімдерінің шешу мүмкіндігін берудің құрылымдық жүйесін ретке келтіру қажеттігін ұсынды. Сол кезде халықтың мәселелерін тездетіп шешуге мүмкіндіктері молая түсетінін атап өтті.

Кездесу соңында әлеуметтік әріптестер қарапайым еңбекші халық үшін ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды көздемек.