Еңбекпен өрілген ғұмыр – құрметке толы кеш

Ақсуат аудандық орталық кітапханасында ерекше толғанысты кеш өтті. Өз өмірлерін руханият пен мәдениетке арнаған қос ардагер – Ниязбек Мамырбеков  мен Ләйлә Қамбарованы құрметпен зейнет жасына шығарып салу кешін аудандық кітапхана мен ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.


Кештің ресми бөлімі жүрекжарды құттықтаулармен өрбіп, Ақсуат аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мират Асқарғалиұлы мен аудандық орталық кітапханасының директоры Арай Маутқалиқызы ізгі тілектерін білдіріп, қос ардагерге зор ризашылықтарын жеткізді.
Сонымен қатар, Ниязбек Әнуарбекұлы Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгімен марапатталды. Бұл құрмет – Ниязбек Әнуарбекұлының мәдениет саласындағы шығармашылық еңбегінің биік бағасы екені сөзсіз.


Бұл кеште ардақты жандарға деген алғыс пен ыстық ықылас жүректерді тебірентті. Ақсуат мәдениет үйінің қызметкерлері сахна төріне шығып, шынайы құттықтауларын жеткізді. Олар қос тұлғаның мәдениет саласына қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтіп, естелікке ерекше сыйлықтарын табыстады. Бұл сәт – адал еңбектің лайықты бағалануының жарқын көрінісі болып, зейнеткерлікке шыққан екі әріптесіміз ризашылықтарын білдірді.


Әсем ән мен күмбірлеген күй кештің сәнін келтіріп тыңдармандарды терең сезімге бөлесе, әріптестері жүрекжарды сазды сәлемдерін арнап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ләйлә Қонысбекқызы мен Ниязбек Әнуарбекұлы – тек кәсіби маман ғана емес, адалдықтың, жауапкершіліктің, рухани байлықтың символы. Салтанатты кештің соңында бастауыш кәсіподақ төрағасы Клара Кіршібаева Ләйлә Қонысбекқызы мен Ниязбек Әнуарбекұлына зор денсаулық,бастарына амандық, отбастарына берек мен бірлік, алдағы зейнет жасындағы күндеріне шаттық пен қуаныш тіледі.


Бұл кеш – тек қоштасу емес, әріптестеріміздің еңбектері бен өмір жолдарын үлгі етіп, еңбектерін ұлықтау, руханиятқа тағзым ету сәті болды