Елордада «SENIM» филиалының төрағасы сайланды

Елордадағы №9 қалалық емхананың мәжіліс залында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының есептік-сайлау конференциясы өтті.

Жиынға «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы»  республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, сондай-ақ №9 қалалық емхананың директоры Сәуле Смағұлова және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің ішінде филиалдың 2024 жылғы қызметі туралы есебі және жаңа төрағаны сайлау болды. Бір жылдан астам сынақ мерзімінде болған төрағаның міндетін атқарушы Гүлмира Мұстафаева атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты есеп берді.

Ол өз есебінде кәсіподақ мүшелерін сауықтыруға, құқықтық көмек көрсетуге, қаржылық және әлеуметтік қолдауды ұйымдастыруға, сондай-ақ мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларды өткізуге бағытталған жұмыстың негізгі бағыттарына назар аударды.

Өткен жылы жаңадан үш бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны біршама артқан. Бұл медицина қызметкерлерін кәсіподақ қатарына тарту бойынша белсенді жұмысты көрсетеді.

Сондай-ақ ол филиал қызметін жетілдіру мәселесіне тоқталып,  кәсіподақ ұйымдары желісін одан әрі кеңейту, ұжымдық шарттар арқылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту және т.б. жоспарларын ұсынды. Оның баяндамасы кәсіподақ ұйымын нығайтудағы айтарлықтай жетістіктерді көрсетті.

Конференцияның шарықтау шегі Астана қалалық филиалының төрағасын сайлау болды.

Гүлмира Мұстафаеваның өткен жылғы табысты жұмысын ескере отырып, делегаттар оны осы қызметке сайлауға бірауыздан дауыс берді. Бұл шешім оның көшбасшылық қасиеттері мен кәсіпқойлығына деген жоғары сенімді көрсетеді.

Әріптестерінің қолдау танытқаны үшін ризашылығын білдірген Г. Мұстафаева:  «Біз – қызметкерлердің  өмірін жақсы жаққа қарай өзгертуге қабілетті күшпіз! Кәсіподақты одан да тиімді әрі маңызды ету үшін бірлесіп жұмыс істейік», – деп түйіндеді.

Астана