Заң клиникасы өз жұмысын жалғастыруда

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Заң клиникасы» кәсіподақ мүшелеріне тегін заңгерлік көмек көрсететін тиімді алаңға айналды. Бұл бастама кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Кезекті қабылдау барысында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлері салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалына қарасты жолаушылар тасымалдаушы «T-BUS» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Балтағара Әділ Нұрғалиұлы саланың өзекті мәселелерін көтерді. Ол мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия көлеміне сығылған газ бағасының өсуі мен техникаға қажетті қосалқы бөлшектердің қымбаттауы және әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының қосылуы, жеңілдікпен жүретін жолаушылар санының артуы кірмегенін атап өтті. Бұл жағдай компания жұмысшыларының, яғни кәсіподақ мүшелерінің уақытылы жалақы алуына теріс әсерін тигізуі мүмкін екенін жеткізді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек осы мәселелерге байланысты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіподақ мүшелеріне заң аясында қажетті кеңес берді. Бұл кәсіподақтардың өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау жолындағы жүйелі жұмысының айқын дәлелі болып табылады.

«Заң клиникасы» кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету арқылы олардың еңбек құқықтарын қорғауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өндірістік қатынастарды реттеуге елеулі үлес қосуда. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.