Еңбекшілердің әлеуметтік мәселелері талқыланды

Ел Президентінің 2025 жыл атауын Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауына байланысты әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін ілгерілету, жұмысшы мамандықтарды жастар арасында насихаттауда елеулі жоспарлар іске асырылмақшы, қазірде жоспар бойынша жұмыстар бастау алды.

Маңызды бастамалар туралы тақырыпқа  Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде бірлестік төрағасы  Мақсұт Нәлібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов  пікір алмасты.

Елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық күш-жігердің маңызы зор. Әсіресе, халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек қатынастарын нығайту және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.

Кәсіподақтар бірлестігі төрағасы мен облыстық мәлихат төрағасы депутаттық корпус пен кәсіподақтардың бірлесіп жүзеге асыратын жұмыстарының негізгі бағыттары туралы айтып, ортақ істерді нәтижелі жүзеге асыру маңыздылығын атап өтті.

Айта кету керек, еңбек қатынастары мәселелері мен еңбек шиеленістерінің алдын-алу, шешу және жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік мүдделерін білдіруде күш біріктіру үшін Қызылорда облыстық мәслихатында түрлі партия өкілдерінен «Еңбек» депутаттық тобы құрылған, топқа аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев жетекшілік етеді.