Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды осы салаға қызықтыру және еңбек нарығында білікті кадрлардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Осыған орай бүгін «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі жастарға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау мақсатында Түркістан облысы білім басқармасына қарасты №8 колледждің студенттерімен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында Бердіғали Өмірәлі еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты жұмысшы мамандығына сұраныстың артуы туралы сөз қозғады. «Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтары нарығында сұраныс үздіксіз өсіп келеді, әсіресе құрылыс, техникалық, өндіріс, қызмет көрсету салаларында жоғары біліктілігі бар мамандар қажет. Сондықтан, осы салаларда білім алып, білікті маман болу жастардың болашақта жақсы жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік береді», – деп атап өтіп, жастарды осы бағытта білім алуға шақырып, жұмысшы мамандықтарының қоғамға тигізетін әсері мен мәнін түсіндірді.
Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы жастарға тек білікті маман болумен шектелмей, жұмысшы мамандықтарына деген құрмет пен еңбек мәдениетін дамытуды, еліміздің патриоты болу қажеттігін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл факторлар жастардың кәсіби өсуіне және еңбекке деген көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етеді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде ел Президентінің соңғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарға сенетінін және олардың еліміздің болашағын қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өткенін еске салды.
Кездесу соңында колледж басшылығы Бердіғали Өмірәліге ұйымдастырылған кездесудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, шынайы алғыстарын білдірді.