Шымкентте ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Шымкент қаласында ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда еңбек ардагерлері мен қала белсенділері бас қосты. Аталған шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Алтеев қатысып, еңбек ұжымдары мен жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. Отырыс барысында ол 2025 жыл Қазақстанда Президенттің жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғанына ерекше назар аударып, бұл бастаманың халықтың еңбекке деген көзқарасын өзгертуге ықпал ететінін атап өтті.

Бауыржан Алтеев өз сөзінде, жұмысшы мамандықтарының қоғамның негізі екенін, олардың еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына қосатын үлесі зор екенін айтты. Құрылысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, металлургтер мен басқа да көптеген мамандық иелері – бұл ұлттың басты тірегі. Сондықтан да біз әрбір жұмысшының еңбегін бағалап, олардың құқықтарын қорғауға және жағдайларын жақсартуға барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.

Отырыс барысында Бауыржан Алтеев қаладағы кәсіподақтар жұмысының алдағы жылға арналған жоспарымен бөлісіп, жұмысшылардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында атқарылатын шаралар туралы айтып берді. Сонымен қатар ол кәсіподақтардың жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі бағдарламаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Шымкент қаласында өткен ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын тағы бір рет айқындап, кәсіподақ ұйымдарының бұл бағыттағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыруға деген ынтасын көрсетті. Бұл шаралар тек жұмысшылар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды. Өйткені әрбір жұмысшы өз еңбегімен елдің дамуына өз үлесін қосады.