“Кәсіподақ десанты” жобасы аясындағы оқыту семинары

2025 жылдың 18 ақпанында ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамына кіретін Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы қалалық кітапханада ерекше маңызды және мазмұнды шара өтті. Бұл күнді кәсіподақ қозғалысындағы маңызды оқиға деп атауға болады, себебі осы күні ҚР Кәсіподақтар Федерациясының “Кәсіподақ десанты” жобасы аясында еңбек құқықтары мен дауларын шешу мәселелері бойынша үлкен семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Семинарға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан  Өтешев, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының дәріскерлер пулының мүшесі, тәжірибелі лектор Майра Боранбаева және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев қатысты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев тек жұмысшылар ғана емес, жалпы қоғамның барлық санатындағы жұртшылықтың сауатты болуы маңызды екенін тілге тиек етті.

Олар еңбек жанжалдарын басқару, еңбек дауларын шешудің құқықтық аспектілері мен кәсіподақтардың рөлі туралы кеңінен сөз қозғады. Қатысушыларға арнайы Майра Боранбаева семинар-тренинг өткізді.Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне қарасты 8 салалық кәсіподақ филиалдары мен 7 жергілікті кәсіподақтардың өкілдері семинарға қатысып, еңбек қатынастарын реттеу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін тереңінен талқылады. Бұл шараға қатысушылардың барлығы кәсіподақ қозғалысындағы өзекті мәселелер бойынша құнды тәжірибе жинақтап, білімдерін арттыруға мүмкіндік алды.

Семинардың негізгі тақырыбы – «Еңбек жанжалдарын басқару, еңбек дауларын шешудің құқықтық аспектілері, кәсіподақтардың рөлі мен қызметі». Бұл мәселе қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды және өзекті болып табылады. Қатысушыларға еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешудің құқықтық жолдары бойынша жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, кәсіподақтардың рөлі мен олардың жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы маңыздылығы терең талқыланды.


Майра Боранбаева өз баяндамасында кәсіподақтардың қоғамдық және экономикалық рөлін арттыру, әлеуметтік әріптестікті нығайту жолдары, жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы тиімді әдістер туралы айтып берді. Олар кәсіподақтардың жұмысшылардың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуда қандай үлес қосуы қажет екенін, сондай-ақ еңбек дауларын шешу жолдарында кәсіподақтардың атқаратын рөлін атап өтті.

Сонымен қатар, семинар барысында еңбек жанжалдары мен дауларын реттеу бойынша кәсіподақтардың құқықтық дағдыларын нығайту, жұмысшыларды ақпараттандыру және кәсіподақ ұйымдарын одан әрі дамыту бағыттары бойынша нақты ұсыныстар мен практикалық кеңестер айтылды. Қатысушылар кәсіподақ ұйымдары мен жұмысшылар арасында тиімді байланыс орнату, еңбек құқықтарын қорғаудағы жаңа әдістерді қолдану, сондай-ақ кәсіподақ қызметінің әлеуметтік бағытта жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жолдары туралы пікір алмасты.


Бұл тренингтің маңызды нәтижелерінің бірі – қатысушылардың кәсіподақтардың рөлін терең түсінуі, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенді түрде әрекет етуге дайындығы болды. Әсіресе, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері үшін бұл семинар жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы құқықтық негіздерді меңгеру мен еңбек жанжалдарын реттеудің әдістерін түсінуге үлкен мүмкіндік берді.

Қорыта келгенде, бұл семинар-тренинг кәсіподақ қызметінің сапасын арттыру, әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек дауларын шешу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау ісінде жаңа білім мен дағдыларды қалыптастыру жолында маңызды қадам болды. Жергілікті кәсіподақ ұйымдары үшін бұл тренинг кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттырып, алдағы уақытта қоғамдағы еңбек қатынастарын реттеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.