Шымкентте «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында кездесу өтті

2025 жылдың 18 ақпанында Шымкент қаласында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлері салалық кәсіптік одағының республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалы ұйымдастырған «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК бастауыш кәсіподақ ұйымында маңызды кездесу өткізілді. Шараның мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын таныстыру, олардың тиімділігін арттыру және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылау болды. Кездесуге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан  Өтешев, мекеме қызметкерлері және кәсіподақ мүшелері қатысты.

    

Кездесуді ашқан «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК басшысы Багдат Байболов мекеменің негізгі қызметтері мен мақсаттарын баяндап, оның қала тұрғындарына көрсететін қызметтерінің маңыздылығын атап өтті. Ол кәсіподақтар ұйымының жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартудағы және әлеуметтік құқықтарын қорғаудағы рөлін ерекше айтты. Багдат Сырлыбайұлы кәсіподақтармен ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін айтып, олардың жұмысын тиімді ұйымдастыруды ұсынды.

Келесі баяндама «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақнұр Қалдықөзова тарапынан жасалды. Ол бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын ұйымдастырудағы негізгі міндеттер мен ұйымның қызметкерлер мүдделерін қорғаудағы рөлін атап өтті. Ақнұр Еркімбекқызы кәсіподақ ұйымы мен мекеме басшылығы арасындағы тиімді қарым-қатынастың жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтып, тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығын түсіндірді.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев 2025 жылға арналған Кәсіподақтар Федерациясының жұмыс жоспары мен кәсіподақтардың еңбек дауларын шешудегі рөлі туралы сөз қозғады. Нұрлан Сулейменұлы еңбек заңнамасы мен кәсіподақтардың күшін біріктіру арқылы әлеуметтік әріптестікті нығайту қажеттілігін, сондай-ақ еңбек қатынастарын тұрақтандырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлері салалық кәсіптік одағының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Алтеев сөз сөйледі. Ол кәсіподақтардың кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Бауыржан Ілімшаұлы еңбек дауларын реттеу, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру жолында кәсіподақтардың атқаратын рөлін талқылады.

Бұл кездесу бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруге бағытталған маңызды алаң болды. Әрбір баяндамашы кәсіподақтардың жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы, еңбек дауларын шешудегі және әлеуметтік әріптестікті дамытудағы рөлін терең түсіндіріп, практикалық ұсыныстар берді. Қатысушылар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті шараларды қарастырып, жұмысшылардың құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарын реттеу бағытында өз білімдері мен тәжірибелерін бөлісті.