Әлеуметтік әріптестер әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілету тәжірибесімен алмасуда

Бейсенбі, 20 ақпанда Астанада өткен дөңгелек үстелде әлеуметтік әріптестер «Әлеуметтік әділеттілік және лайықты еңбек: заманауи сын-қатерлер мен инновациялар» тақырыбын талқылады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне орай ұйымдастырған шараға халықаралық сарапшылар және әлеуметтік әріптестермен бірге Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева бастаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері қатысты.

Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні – Біріккен Ұлттар Ұйымы мойындаған халықаралық күн және жыл сайын әлемдегі әлеуметтік әділеттілікті арттыру қажеттілігіне назар аударудың басты мүмкіндігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов дөңгелек үстел жұмысын аша отырып, биылғы жылы Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні ерекше маңызға ие екенін, өйткені әлеуметтік әділеттілік жолында Жаһандық коалиция жақсы нәтижеге жетіп жатқанын және бұл бастамаға 300-ден астам әріптестер, соның ішінде Қазақстан да қосылғанын атап өтті.

Лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының және  Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы кеңсесінің лайықты еңбек жөніндегі техникалық қолдау тобының директоры Михаил Пушкин 2025 жылдың қарашасында өтетін әлеуметтік даму жөніндегі Екінші дүниежүзілік саммиттің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, саммит барлық мүдделі тараптардың әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты даму саласын ілгерілетуде күш-жігерін біріктіріп, 2025 жылды табысты жылға айналдыруға өз үлесін қосады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева өз сөзінде ҚРКФ-ның әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын жүзеге асыру жөніндегі бастамаларына тоқталып, Қазақстандағы ең ірі кәсіподақ бірлестігі өз қызметінде халықаралық нормалар мен стандарттарды ұстанатынын айтты.

«Біз ХЕҰ тарапынан қолдауды қанағаттарлық деп атап өтеміз: 2024 жылы ХЕҰ-ның 112 – ші сессиясы аясында Қазақстан мен ХЕҰ-ның еңбек саласының бес өзекті бағыты – «Қауіпсіз еңбек», «Әлеуметтік диалог», «Ең төменгі жалақы», «Әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау» бойынша бірлескен іс-қимылдарының Жол картасына қол қою, сондай-ақ «Еңбек зорлық-зомбылығы мен қудалауды жою». ХЕҰ ұсынымдарына сүйене отырып, біз еңбек инспекциясын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына қайтардық. Сондай – ақ, әлеуметтік әріптестер ұжымдық еңбек дауларын шешу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында жұмыс жүргізуде», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

Оның айтуынша, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу үшін бірлестіктер бостандығы мен ұжымдық келіссөздер құқығын құрметтеу арқылы әлеуметтік келісімшарт институтын дамыту қажет.

«Кез келген әлеуметтік келісімшарттың негізінде лайықты еңбектің төрт өлшемі бар – нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік қорғау, әлеуметтік диалог және трипартизм – әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қоса алғанда. Әлеуметтік әріптестік әлеуметтік келісімшарттың негізі ретінде әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуді қамтамасыз етеді және лайықты еңбек қағидаттарын қалыптастыру мен ілгерілетуге ықпал ететін әлеуметтік-еңбек саласындағы мақсатты көрсеткіштерді анықтайды», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Спикердің пікірінше, Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік институты әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілетуге өз үлесін қосып, үдемелі түрде дамып келеді. Ол 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдаудан бастап, Халықаралық еңбек ұйымының іргелі конвенцияларын ратификациялауға жәрдемдесуге дейінгі әлеуметтік әріптестермен бірлескен іс-қимылдардың негізгі нәтижелерін атап өтті.

«Осы жылдар бойы біз ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жоқтығы туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Біздің бастамаларымыздың нәтижесінде өткен жылы РҮК отырысында аталған әдістеменің жобасы мақұлданып, әдістеме ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Қазіргі уақытта біз әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерге ерекше назар аудара отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау жұмыстарын жүргізудеміз. Әлеуметтік әріптестік аясында біздің іс-қимылдарымыз Республикалық, салалық, аймақтық үшжақты комиссиялардың жұмысының жай-күйі мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ олардың арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша жұмыстарды күшейтуге; республикалық кәсіподақ бірлестіктері мен олардың филиалдарының нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен сараптамасына институционалдық қатысуын бекітуге бағытталған», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

Халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілер қауымдастығының өкілдері әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалицияның басымдықтарын жүзеге асыру бойынша өз көзқарастарын білдірді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әріптестер тарапынан әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін саясат пен әрекеттерді күшейтуге шақыру қолдау тауып отырғанын атап өтті. Іс-шараға қатысушылар әзірлеген қорытынды ұсыныстар барлық тараптардың назарына алынады.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы