Дүйсенбі, 24 ақпанда Алматыға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Алматы электр станциялары» (АлЭС) АҚ Ә.Жақұтов атындағы Алматы ЖЭО-2-де болып, жаңа газ электр стансасының құрылыс барысымен танысып, жұмысшылармен кездесті.
«АлЭС» АҚ Алматы қаласы мен Алматы облысында жылу және электр энергиясын, сондай-ақ Алматы қаласы үшін химиялық тазартылған суды (ыстық су) өндіру бойынша қызметті жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйым болып табылады. «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобына кіреді.
«АлЭС» АҚ кәсіпорындары өндіретін жылу мен электр энергиясы Алматы қаласы мен Алматы облысының қажеттілігінің 70% – дан астамын өтейді.
ЖЭО-2 «АлЭС» АҚ құрылымына кіреді. «Алматы электр станциялары» АҚ қызметкерлерінің жалпы саны 3087 адам болса, оның 675-і ЖЭО-2 жұмысшылары.
Айта кетерлігі, Алматыда экология мәселесі – көптен бері өткір мәселелердің қатарында. Алматы ЖЭО-2-де қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайта отырып, кәсіпорынды жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда: жылу орталығы – жаңа буын кәсіпорнының жанынан газ электр станциясы салынуда. Электр станциясын іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
«АлЭС» АҚ Алматы ЖЭО-2 модернизациялаудың негізгі мақсаты – энергиямен жабдықтау тиімділігін төмендетпей, атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларын азайту. Егер қазіргі уақытта зиянды заттардың шығарындылары жылына 37,1 мың тоннаны құраса, газ электр стансасы іске қосылған кезде бұл шамамен 2,7 мың тоннаны құрайтын болады», – деді құрылыс кәсіпорындары департаменті директорының міндетін атқарушы Ербол Өтешев.
Құрылыс алаңын аралаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылымымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті.
Жергілікті «Энергетик» кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Тымбасбаев пен оның әріптестері – энергокомпанияның бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кәсіподақ белсенділерінің қызметі туралы сөз қозғады.
«Энергокомпаниядағы әлеуметтік әріптестікке 20 жыл толды, осы уақыт ішінде біз ұжымдық шарттың жеті нұсқасын қабылдадық. Қызметкерлердің жалақысын жыл сайын индекстеу маңызды жетістік болып табылады. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап индекстеу 6,5 пайызды құрады. Қазіргі уақытта қосымша индекстеу мәселесі қарастырылуда»,–деді ЖЭО–2 кәсіподақ ұйымының төрағасы Назира Қадырқұлова.
Сонымен қатар, компания техникалық инспекторлардың жұмысын ынталандырады, оларға тоқсанына бір рет 5 АЕК төленеді. Кәсіподақ ұйымының жастар жетекшісі Әсет Әшірбековтің айтуынша, «АлЭС» АҚ басшылығы жас жұмысшылармен кездесіп, кәсіпорынның энергетикалық кешенін дамыту перспективаларын талқылайды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы әріптестік қатынастардың маңыздылығын атап өтті.
«Жұмысшыларға жағдай жасалмаса, әлеуметтік әріптестер ешқашан алға жылжымайды. Бүгінгі күні бүкіл әлемде болып жатқан «полидағдарыс», ең алдымен, болып жатқан трансформациялық өзгерістерге байланысты: климаттың өзгеруі, жылдам технологиялық даму, цифрландыру және жасанды интеллекттің дамуы. Жаңа өзгерістерге көшу кезінде адамдарды, кәсіпорындардың қызметкерлерін ұмытпау маңызды. Қазірдің өзінде біз адамдарды жоғалтпау үшін кешенді шараларды әзірлеуіміз керек. Жұмысшылар – еліміздің ең байлығы. Кадрларды қайта даярлау – ең алдымен жұмыс берушінің міндеті», – деп тілге тиек етті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін Алматы ЖЭО-2 жұмысшылары газ электр стансасы іске қосылғаннан кейін 300 жұмысшыны босату мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірген болатын.
ҚРКФ төрағасының еңбек ұжымымен кездесуінде ЖЭО-2 директоры Фазоил Сәлімов ЖЭО жұмысшыларының ешқайсысы жұмыссыз қалмайды деп сендірген еді.
«Біз газ станциясына ауысқанда, ескі көмір станциясын ешкім тоқтатпайды, мүмкін консервация болады. Біз бірнеше адамдарды жаңа газ станциясында жұмыс істеу үшін қайта даярлауға жібереміз. Оларды оқуға жібереміз, іс-шаралардың жоспары әзірленді, осы жылдың соңына дейін ұжымға теориялық бөлігін жеткіземіз», – деп уәде берді кәсіпорын директоры және кәсіподақ оларға әріптес екенін айтты: «Мен кәсіподақты әріптестер, серіктес деп есептеймін, бәріміз бір саланың жұмысшыларымыз, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, тұрмысын жақсарту үшін бәріміз бір бағытта келе жатырмыз. Біздің бір мақсатымыз – адамдарға жарық мен жылу сыйлау».
ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастарының әділдігін қадағалайтын болады деп қорытындылады.
«Кәсіподақтар үшін бір критерий әрқашан маңызды – еңбек қатынастарындағы барлық үдерістері әділ болуы керек. Кәсіподақтар федерациясы процестерге, оның ішінде сіздің кәсіпорында да қоғамдық бақылау жүргізетін болады», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
Жиын соңында ЖЭО-2-нің еңбек сіңірген қызметкерлері ҚРКФ-ның «Еңбек озаты» медальдарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы