ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында өмір жолдары қазақстандықтар үшін сабақ аларлық үлгі болып табылатын кәсіподақ саласының қызметкерлеріне арналған «Еңбек адамы: Қазақстанның жаңа келбеті» байқауын жариялады.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының негізгі мақсаты Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы арқылы еңбексүйгіштік идеясын ең басты фактор ретінде насихаттау болып табылады.
ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым өз сөзінде: «Федерация «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын толығымен қолдайды. Негізінде, Қазақстан кәсіподақтарында Тәуелсіз Қазақстанның тарихына елеулі еңбек сіңірген көптеген тұлғалар қызмет атқарады.
ҚРКФ ұстаздар, дәрігерлер, жүргізушілер, темір шеберлері, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, мал өсірушілер, механизаторлар сынды Еңбек адамдарының аты мен мүддесі жолында бұл жобаны дамытады және жүзеге асырады.
Көп жағдайда Еңбек адамдарының жұмыстары БАҚ беттерінде кеңінен жарияланбайды, ол кісілердің маңызды және ықтиятты еңбектері елеусіз қала береді. Дегенмен, олардың осындай елеулі еңбек жолдары айналасыңдағыларды, әріптестерін және жас буынды әрқашан жігерлендіріп отырды. Осыған байланысты Федерация осындай халық сыйлығына лайықты деп санайтын өз үміткерлерін насихаттамақ. Біздің Федерацияда 2 миллионнан астам кәсіподақ мүшелері бар және олардың көбісі ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген тұлғалар болып табылады», – деп атап өтті.
Қостанай облысының кәсіподақ орталығының төрайымы Екатерина Смышляева «100 жаңа есім» жобасы тұрақты түрде, яғни үздіксіз дамып, насихатталып отыруы тиіс екендігін айтып өтті. «Қоғамдағы оптимизм, дамуға деген ынта, рухани баю осы жобаның басты бағдары болып табылады. Бұл бізге, соның ішінде, біздің белсенділігімізге байланысты. Өткен жылы Қостанай облысының кәсіподақ орталығы мұқтаж балаларға ақысыз түрде көмек көрсететін дәрігерлерге жүйелі түрде көмектесіп отырды. Және осындай оқиғалар елордамызда ғана емес, облыс
орталықтарында, қалаларда және ауылдарда өте көп. Біз соларды жарыққа шығаруымыз тиіс».
ҚРКФ «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Төлеген Құнәділов атап өткендей, жастар кеңесі лайықты үміткерлерді ұсына алады. «Өздеріңіз білетіндей, «Келешек» жастар кеңесінің мақсаты жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды әлеуметтік-еңбек қатынастары, білім және кәсіптік дайындық саласындағы құқықтары туралы ақпараттандыру, жастарды кәсіподақтар қатарына тарту болып табылады. Сондықтан да, бізде белсенді өмірлік ұстанымдары, болған оқиғаларға өзіндік көзқарастары мен сенімдері бар жастар жұмыс атқарады». www.100esim.el.kz бағдарламасының ресми сайтындағы ақпараттар бойынша үміткерлерді таңдауға қойылатын талаптар:
– үміткердің кәмелет жасқа толған болуы (18);
– қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосқан айрықша жетістіктерінің, қатысушы имиджін дамытуға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерінің болуы;
– үлгі алуға лайық, жастарды патриоттық және туған жерге адалдық рухында тәрбиелеуге, еңбек культін қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық-саяси және еңбек қызметінің болуы;
– қазіргі Қазақстанның, оның табыстары мен түрлі саладағы жетістіктерінің жарқын үлгісі бола алатын тұлға.
ҚРКФ өзінің аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері арқылы жергілікті байқаулар өткізеді. АКБ өз үміткерлерін Федерацияға ұсынады.