2025 жылы Қазақстан Кәсіподақтарына 120 жыл толып отыр. Айтулы тарихи белеске орай Қазақстан республикасы Кәсіподақтар федерациясында Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының қалыптасу және даму кезеңдері, жаңа мақсаттар мен міндеттер туралы баяндайтын мәліметтер жинақталуда. Қызылорда облысында кәсіподақтар қозғалысының даму тарихы туралы неғұрлым нақты мәліметтер жинақтау үшін аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бас маманы Майра Боранбаева Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві мен архивтің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағат құжаттарынан анықталған мәліметтерде облыс көлемінде 1919 жылы Ақмешіт уездік кәсіподақтар Кеңесі құрылған. Осы Кеңесте кәсіподақтар бюросының 5 мүшесі жұмыс атқарған. Қызылорда облысында кәсіпшілер одағы темір жолмен өндіріс саласында негізгі күшке айналып 1920 жылы Перовск уездік дәрігер-санитар қызметкерлердің, ағарту, мәдени-әлеуметтік сала қызметкерлерінің коммуналдық шаруашылықта, тері илеу өндірісінде, Кеңестік қоғамдық мекемелерде, жер және орман саласында кәсіподақтар Кеңесі құрылған. 1922-1923 жылдары өндіріс салаларында ұйымдар мен кәсіподақтар арасында ұжымдық келісім- шарттар жасалған. 1922 жылы кәсіподақ мүшелерінің 50 пайызы ұжымдық шартпен қамтамасыз етілді. 1924 жылы қиындыққа қарамастан, ұжымдық шарт қабылдау 95 пайызға жетті.1924 жылы маусым айында Ақмешітте партия – кәсіподақ клубы құрылып, онда барлық салалық кәсіподақ Кеңесі мүшелерімен бірге барлық партия мүшелері біріккен.
«Мұрағаттық мәліметтер өте құнды ақпараттарды береді. Қазақстан кәсіподақтарының 1-съезінің Қызылордада өткендігі сондай құнды ақпараттардың бірегейі. Әрине ол кезде ел астанасы болған қалада өткен бұл жиынның кәсіподақтар өміріндегі жаңа қозғалысқа бастау болғандығы анық. 1925 жылы сәуір айында Қырғыз Республикасы орнына Қазақстан Республикасы құрылуына сәйкес Қызылорда қаласына Орынбордан барлық өкілдік ұйымдармен бірге кәсіподақтар да көшіп келіп, өзінің 1-съезін өткізген. Қызылорда топырағында алғашқы Қазақстан Кәсіподақтарының 1-съезінің өткеніне 80 жыл болу мерекесі арнайы 2006 жылы Алматы қаласында атап өткізілген екен» дейді зерттеуші Майра Боранбаева.
1949 жылы Қазақстан Кәсіподақтар Кеңесінің ұсынысы бойынша ВЦСПС Қазақстанда 4 облыстық кәсіподақтар Кеңесін қайта құруға рұқсат берген. 1949 жылғы 31 желтоқсан күнгі Қазақстан кәсіпшілер одағы Кеңесінің қаулысымен «Қызылорда облыстық Кәсіподақтар Кеңесі» құрылған. 20-21 наурызда 1950 жылы Қызылорда облыстық Кәсіподақтар конференциясы өтіп, кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы болып Мөрәлі Шаменов сайланған. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы шешіміне сәйкес 2014 жылы Қызылорда облыстық кәсіподақтар Кеңесі қайта атауы өзгертіліп, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы болып құрылған.