Қызылорда облысында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесі өтті. Күн тәртібінде 2025 жыл- Жұмысшы мамандықтар жылы болып белгіленуіне байланысты жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар туралы есеп беріліп, «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстары туралы, 28 сәуір-еңбекті қорғау күніне орай іс шаралар туралы, әлеуметтік шиеленістер мониторингі туралы, кәсіподақ мүшелерін құқықтық оқыту туралы, одан бөлек, 2025 жылы өтетін басқа да жиындарды ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.


Отырыс барысында Құрылыс және ТҚШ қызметкерлері кәсіподағының төрағасы С.Мырзаханов пен Пошта қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Аблаева баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

«Қазпошта жұмысшылар санатына хат тасушылар, сұрыптаушылар, жүргізушілер, инкассаторлар, операторлар, тасымалдаушылар, жүк көтерушілер, курьерлер, тазалық қызметкерлері жатады. Жалпы облыс бойынша пошта саласындағы жұмысшылар саны – 377 адамды құрайды. Қазпоштада жұмысшылардың жұмысын жеңілдету және еңбек өнімділігін арттыру бағытында көптеген ауқымды жобалар жүргізіліп келеді.»- деді салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Аблаева.

Құрылыс саласындағы кадрдың жетіспеушілігі, жұмысшылардың жалдамалы жұмыскерлер болып жұмыс жасайтындығы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтағы жұмыс мамандарының тұрақтанбауы, кадр ағымының көп болуы- өзекті мәселелердің бірі екендігін салалық кәсіподақ төрағасы Серік Мырзаханов атап өтті.


Отырыс соңында кәсіподақтар орталығы бірлестігінің төрағасы жұмысшы – қоғамның тірегі болса, кәсіподақ- еңбек адамының сенімді тірегі екенін, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі мен жалақы мәселелерін көтеретінін, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатысты тапсырма берді.