Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі: Қазақстан ЖИ дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартының жобасын ұсынды

Сәрсенбі, 9 сәуір күні Қырғызстан астанасы Бішкекте Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің VII отырысы басталды. Қазақстан делегациясын ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастап барды.

Кеңеске мүше бес мемлекеттің — Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның кәсіподақ көшбасшылары Орталық Азия аймағындағы жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақтар қауымдастығының құрылымын нығайту мәселелерін талқылау үшін жиналды.

Биылғы жылы ОАЕКК-ға төрағалық етуші мемлекет — Қырғызстан. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің Бас хатшысы, Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Мурадил Джумадилде уулу VII отырыстың кәсіподақ кадрларын даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру, кәсіподақ қозғалысындағы әлеуметтік әріптестіктің болашағы секілді өзекті мәселелерге арналғанын атап өтті.

Жиында  Қырғыз Республикасы Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрі Равшанбек Сабиров, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Кудратилла Рафиков, Тәжікстан Тәуелсіз Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Исмоил Файзизода, Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Рагчаа Баяраа, Түрікменстанның Лебап кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Жұмаев сөз сөйледі.

Халықаралық Еңбек Ұйымының (ACTRAV) Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі еңбек қызметі секторын үйлестіруші Сергиюс Гловацкас ОАЕКК-нің Орталық Азия өңіріндегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудағы рөліне тоқталды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде Кеңестің қызметі бойынша бірқатар қорытынды жасады.

«Біз бірлескен іс-қимылдар жоспарына аймақтық ынтымақтастықты нығайту, еңбек көші-қоны, туризмді дамыту, кәсіподақтың жастар саясаты мен бірыңғай коммуникациялық стратегия, трансұлттық корпорациялардағы (ТҰҚ) лайықты еңбекті ілгерілету және ТҰК жұмыс берушілерін әлеуметтік әріптестікке тарту секілді маңызды мәселелерді енгіздік. Бұл мәселелерді әр ел өз аумағында қарастыру арқылы алдыңғы отырыстарда қабылданған шешімдер мен мақсаттарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз», – деді ол.

Сонымен қатар, технологияның қарқынды дамуын ескере отырып, Сатыбалды Дәулеталин өңірдегі кәсіподақтар қауымдастығы үшін бірқатар жаңа міндеттерді атады. Атап айтқанда, ол әріптестеріне «Жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарты» жобасын әзірлеуді ұсынды.

«Жасанды интеллект пен автоматтандырудың жедел енгізілуі дәстүрлі еңбек қатынастарын өзгертуде: алгоритмдер адам шешімдерін алмастырып жатыр — кадрлық басқару жүйелері жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, тиімділікті бағалау шешімдерін қабылдайды. Цифрландыру салдарынан бұрынғыдай бірлесіп жұмыс істеу азайып барады. Қашықтан жұмыс істеу, платформалық еңбек пен гиг-экономика өсуде, бұл қызметкерлердің бірігіп әрекет етуін және келіссөз жүргізуін қиындатады. Бұл ретте корпорациялар бизнеске тиімді, алайда қызметкерлерді әлеуметтік кепілдіктерден айыратын “икемді” еңбек нормаларын белсенді түрде насихаттауда. Кәсіподақтар осындай жаңа жағдайларға бейімделуі керек », – деді ол.

Ол сонымен қатар халықаралық деңгейде бұл өзгерістерді реттейтін нақты ережелердің жоқ екенін атап өтті. Қазіргі уақытта жаһандық деңгейде еңбек қатынастарында ЖИ қолдануды реттейтін бірыңғай стандарттар жоқ. БҰҰ мен ХЕҰ әзірге тек ұсынымдар ғана қабылдауда (мысалы, ХЕҰ-ның №227 ұсынымы – цифрлық дәуірдегі лайықты еңбек туралы), бірақ олардың нақты күші жоқ. ЕО мен АҚШ ЖИ этикасы туралы заңдар әзірлеуде, алайда бұл құжаттар өз нарықтарына бағытталған және дамушы елдердің мүдделерін ескермейді.

«Ірі технологиялық және трансұлттық компаниялар өздеріне тиімді еңбек тәсілдерін енгізіп жатыр, бірақ бұл жұмысшылар үшін қауіпті. Еңбек қатынастары азаматтық-құқықтық қатынастармен (фриланс, өзін-өзі жұмыспен қамту) алмастырылуда, бұл қызметкерлерді әлеуметтік кепілдіктер мен ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығынан айырады. Сандық бақылау жүйелері (белсенділікті бақылау, камера арқылы эмоцияларды талдау) адамдарды тек алгоритмнің бір бөлшегіне айналдырып жатыр. ЖИ арқылы қабылданған қысқарту шешімдеріне шағымдану немесе түсіндіру мүмкін емес. Егер кәсіподақтар араласпаса, компаниялар «цифрлық жұмыс берушінің» билігін орнатып, қызметкерлердің ықпал ету құралдарын жойып жібереді. Құқықтық ережелер әлі қалыптасып жатқанда біздің елдердің кәсіподақтары осы өзгерістерді реттейтін бастамашы күшке айналуы тиіс. Ұсынылып отырған стандарттар — қызметкерлерді қорғаудың ғана емес, XXI ғасырда кәсіподақтардың да рөлін сақтап қалудың жолы. Егер бұл ұсыныс қабылданса, біз халықаралық әдістемелік орталық құрып, жұмысқа кірісуге дайынбыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ұйымдастырушылық және құрылымдық мәселелерді жалғастыра отырып, ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кеңестің жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Ол үшін тұрақты жұмыс істейтін аппарат құру, штаб-пәтерін анықтау және ұйымдастырушылық-техникалық мәселелерді шешу қажет екенін айтты. Сонымен қатар, ол туризмді дамыту бағыты бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін де назарға салды: жұмыс тобын жаңартып, 2025–2030 жылдарға арналған ОАЕКК елдеріндегі Туризмді дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің отырысы барысында екі панельдік сессия өтті. Бірінші сессия – «Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарында кәсіподақ кадрларын даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру: сын-қатерлер, үздік тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбында өтті. Бұл сессияда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Білім беру орталығының директоры Ляззат Есжанова кәсіподақтардың оқу тәжірибелерімен бөлісті.

«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясында Кәсіподақтық оқыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдардың жұмысын айтарлықтай жандандырып, жетілдіруге мүмкіндік берді. Тұжырымдама негізінде кәсіподақтық оқытудың келесі деңгейлері қалыптастырылды: кәсіподақ кадрларын және белсенділерін бастапқы даярлау (кәсіподақ қызметімен таныстыру); міндетті оқыту — барлық сайланбалы және штаттық кәсіподақ қызметкерлері үшін (бұл деңгейге барлық босатылған кәсіподақ қызметкерлері мен барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының төрағалары кіреді); модульдік оқыту — кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары бойынша бағдарламалар (кәсіподақ комитеттерінің ұйымдастырушылық жұмысы мен іс жүргізу, кәсіподақ комиссияларының, соның ішінде татуластыру және тексеру комиссияларының қызметін ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қоғамдық бақылау және т.б.). Кәсіподақтық лекторлар пулы жасақталды. Біз жыл сайын 40 мыңнан астам кәсіподақ мүшесін қамтитын 500-ден астам оқыту семинарын өткіземіз», – деді ол.

Сонымен бірге, Ляззат Есжанова әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бірқатар білім беру жобаларын атап өтті. Мәселен, «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» жобасы аясында 300-ден астам еңбек ұжымымен кездесу өткізіліп, оған 18 мыңнан астам қызметкер қатысты. Бұл жоба әлеуметтік қатынастар жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия төрағасының ұсынысымен екі рет жалғасты.

Кәсіподақ қызметіне цифрлық технологияларды енгізу мәселесіне тоқтала келе, Ляззат Есжанова қазіргі уақытта кәсіподақтардың мәнін түсіндіретін цифрлық аватарлар, еңбек және кәсіподақ заңнамасына қатысты сұрақтарға жауап дайындауда заңгерлерге көмек көрсететін нейро-ассистенттер, сондай-ақ нақты кәсіпорын үшін лайықты ұжымдық шарт жасауға көмектесетін нейро-құрастырушылар әзірленіп жатқанын айтты.

Екінші панельдік сессия «Кәсіподақ қозғалысындағы әлеуметтік әріптестіктің болашағы: жаһандық сын-қатерлер, трансформациялық үрдістер және стратегиялық перспективалар» тақырыбында өтті. Бұл сессияда Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Қазақстандағы әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы өз қызметі барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, сенімді әлеуметтік әріптес ретінде танылды. Ол әлеуметтік әріптестіктің тиімді мысалдарын келтірді.

«2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімге келесі нормалар енгізілді: жалақы төлеу жүйесін жетілдіру, жалақының Ең төменгі мөлшерін айқындау әдістемесіне сәйкес белгілеу, ұжымдық шарттарда көзделген жалақыны индекстеу тәртібін талдау және еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша келісілген ұсынымдарды әзірлеу, сондай-ақ ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» және №102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» конвенцияларын ратификациялау. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері де қамтылды. ХЕҰ-ның 9 конвенциясын ратификациялау бойынша әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысын туралы бастама да қолдау тапты. Елімізде қолданыстағы 23 салалық және 20 аумақтық келісімдер шеңберінде сапалы жұмыс орындарын құру, жалақыны индекстеу, еңбек қауіпсіздігі жағдайлары бойынша кәсіпорындардың Цифрлық картасын енгізу, еңбек даулары мен жанжалдарын шешуге жәрдемдесу, өндірістік кеңестердің еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қызметін жетілдіру мәселелері қарастырылған», – деді Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Төлеген Күнәділов атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының тең төрағалығын енгізу жөнінде бастама көтеріп, ол қолдау тапты. Комиссия отырыстары кәсіподақ алаңдарында және көшпелі форматта өткізіліп жүр. Жалдап алынған қызметкерлердің мүдделерін қорғауда ұжымдық шарттар негізгі құрал болып табылады, бүгінгі таңда олар елдегі 168 мың кәсіпорында қолданыста. 2024 жылы олардың саны 2,3%-ға артты.

Қазақстан делегациясының өкілі елімізде әлеуметтік әріптестікті одан әрі жетілдіру аясындағы негізгі міндеттерді атап өтті: кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің қызметінде жаңа стратегиялар әзірлеу,әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша Республикалық үшжақты комиссияның (РҮК) тиімділігін арттыру.

ОАЕКК VII отырысы аясында Бішкекте CTUCA CUP – 2025 халықаралық футбол турнирі өтіп жатыр, оған Қазақстан кәсіподақ құрамасы да қатысуда.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының футбол құрамасы осыдан бес жыл бұрын ҚРКФ мен Астана қаласының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлерінен құрылған. Айта кетейік, кәсіподақ футболшылары бұған дейінгі барлық турнирлерде алтын, күміс және қола медальдарды жеңіп алған.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы