Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының футзал құрамасы Бішкек қаласында өткен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің VII отырысы аясындағы IV халықаралық CTUCA CUP – 2025 турнирінде күміс жүлдені жеңіп алды.
Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің кәсіподақ құрамалары қатысып, әр команда үш матч ойнады. Жарыс айналмалы жүйеде өтті. Турнир қорытындысы бойынша, ең көп ұпай жинаған Өзбекстан кәсіподақтарының құрамасы чемпион атанды. Қырғызстан командасы қола жүлдегері атанды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрамасы осыдан бес жыл бұрын Астана қаласының кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Осы уақыт аралығында команда барлық деңгейдегі турнирлерде алтын, күміс және қола медальдарды иеленіп үлгерді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, қоржынға тағы бір күміс медаль қосылды.
Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің мүшесі, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин команданы құттықтап, келесі турнирде жеңіс тіледі.
«Ойын өте тартысты әрі қызықты өтті. Жеңіске сәл ғана ұпай жетпей қалды. Дегенмен біздің кәсіподақ құрамасының әлеуеті зор екенін атап өткім келеді. Бұл жолы команда құрамында бірнеше жаңа ойыншы болды – олар үшін бұл турнир үлкен тәжірибе мен алдағы ойындарға мотивация болмақ. Жаңа қатысушыларды алғашқы үлкен жарыстарымен құттықтаймын, ал командаға – күміс медаль үшін алғыс айтамын!», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Құрама менеджері, Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов ҚРКФ басшысына жылы лебіздері үшін алғыс білдіріп, команданың Астанада өтетін АФЛ Жоғарғы лига матчтарына тыңғылықты дайындалатынын атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы