Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақовтың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Жұмысшы мамандықтар жылына, Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдығына және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына орай Жамбыл облысында өтетін «Кәсіподақ десанты» акциясын ұйымдастыру жайы талқыланды. Осы бағытта аталған акцияның өңірлік бағдарламасы келісіліп, бекітілді.
Сонымен қатар, 28 сәуір — «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» орай әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған «Дөңгелек үстел» өткізу туралы ұсыныстар қаралып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Отырыс барысында «Қауіпсіз еңбек» жобасын іске асыру мәселесі де талқыланды. Бұл жоба Жамбыл облысы прокуратурасы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы, сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығының бірлесуімен жүзеге асырылуда.
Аталған жоба аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, нақты іс-шаралар атқарылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты: жұмысшылар мен азаматтардың бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру және болашақта мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу; еңбек құқықтарын қорғау саласында уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыру, соның ішінде цифрлық технологияларды енгізу арқылы.
Жиын соңында Бағлан Қарашолақов 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылына орай, тиісті салалық кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен, облыстың барлық аудандарындағы кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастыруды тапсырды.