2025 жылғы 11 сәуір, жұма күні Теміртау қаласында «Жақтау» металлургтер кәсіподағының ғимаратында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында кәсіподақ көшбасшыларымен кездесу өтті. Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, атқарушы билік өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, еңбек қауіпсіздігі саласындағы сарапшылар мен ауыр әрі қауіпті өндірістерде еңбек ету барысында денсаулығынан айырылған мүгедектері біріккен «Уақыт» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.
Кездесудің мақсаты — өндірістік сала қызметкерлерінің өзекті әлеуметтік және еңбек мәселелерін талқылау.
Кездесуді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков жүргізді. Ол көтеріліп отырған мәселелердің әлеуметтік маңыздылығына және оларды шешу ұзақ уақытты талап ететініне назар аударды.
Көмір өндірісі саласының өкілдері кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттардың салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы шахтерлер — регресс мүгедектерін қолдау мәселесін қайта көтерді. Олар бұл санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Министр Светлана Жақыпова қазіргі таңда регресс мүгедектерін қолдауға бағытталған қосымша шаралар қолға алынғанын айтты. Дегенмен, жаһандық экономикалық дағдарыс пен бюджеттік бағдарламалар шығындарын оңтайландыруға байланысты барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін болмай отырғанын да жеткізді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев әлеуметтік әріптестерге, соның ішінде Парламент депутаттарына регресс мүгедектері мәселесін үкіметке жолданатын депутаттық сауалдарда өзектендіру қажет екенін атап өтті.
«Дағдарысқа қарамастан, шұғыл шешілуі тиіс мәселелер бар. Депутаттар регресс мүгедектерінің мәселелерін шешуге атсалысуы керек. Біз өз тарапымыздан бұл азаматтардың нақты сұраныстарын қалыптастыруға дайынбыз», – деді Мұхтар Тінікеев.
Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын қолдап, пікір білдіргендер қатарында «КАЗУГЛЕПРОФ» көміршілер салалық кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов, Қарағанды облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков, «Жақтау» металлургтер кәсіподағы төрағасы Виктор Щетинин, «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев, регресс мүгедектері біріккен «Уақыт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Юсупов, II топ мүгедегі, «Тентекская» шахтасының бұрынғы қызметкері Михаил Хаулин және III топ мүгедегі, Костенко атындағы шахтаның бұрынғы жұмысшысы Мұхаммеджарер Жүмекенов болды.
Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асылбек Нұралин, Құдайберген Бексұлтанов және Арман Қалықов кездесуде көтерілген мәселелер бойынша жақын арада үкіметке депутаттық сауал жолдайтындарын мәлімдеді.
Қызу пікірталас барысында тараптар айдың соңында жаңартылған құраммен жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізуге уағдаласты. Сол отырыста министр Светлана Жақыпова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл мәселені шешудегі тәсілдерін таныстырады деп жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, жасалған есептеулер негізінде 2026 жылға арналған бюджеттік өтінім әзірленетін болады.