14 сәуір, дүйсенбі күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) орталық кеңсесінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен жаңартылған құрамдағы Сараптамалық кеңестің отырысы өтті.
ҚРКФ Сараптамалық кеңесі – кеңес беру және талқылау алаңы. Оның құрамына Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өкілдері, ҚР Парламенті депутаттары, еңбек құқығы саласындағы ғалымдар мен сарапшылар кіреді. Кеңес мүшелері елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудағы өзекті мәселелерді талқылап, әлеуметтік әріптестерге арналған ұсыныстар әзірлейді.
Кеңес мүшелері еңбек саласындағы заңнамалық бастамаларды және «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын қарастырды.
Іс-шараны аша отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Сараптамалық кеңестің отырысы ең алдымен елдегі миллиондаған еңбек адамының тағдырына әсер ететін ортақ күн тәртібін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
ҚРКФ төрағасының айтуынша, кәсіподақтар – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі.
«Соңғы 5 жыл ішінде Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-еңбек саласындағы өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Мысал ретінде 2020 жылы Съезде көтерілген Әділет тақырыбы бүгінде билік үшін негізгі мәселеге айналғанын айтуға болады. Немесе осы 5 жылдың ішінде халықаралық оқшаулануға ұшырап, тәуелсіздігінен айырылған ұлттық кәсіподақ орталығынан біз Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) беделді әрі жауапты әріптесіне айналдық, Жаһандық одаққа толық мүшелікті қалпына келтірдік, Орталық Азия мен түркітілдес елдердің субөңірлік кәсіподақ орталықтарын құруға бастамашы болдық. Федерацияның белсенді қызметінің тағы бір дәлелі – ХЕҰ бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға алғашқы ресми сапары, 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының қабылдануы, еңбек және кәсіподақ заңнамасының 100-ге жуық нормасына жұмысшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған өзгерістер енгізілуі. Экономикалық және әлеуметтік жағдай қиындай түскен сайын, кәсіподақтардың маңыздылығы мен қажеттілігі арта түседі. Мұндай жағдайда біздің қызметіміз сапалы талдамалық және ғылыми негізсіз тиімді бола алмайды. Сондықтан Сараптамалық кеңестің рөлі өте зор», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол ҚРКФ Сараптамалық кеңесі құрамында жоғары деңгейдегі мамандар, ғалымдар, сарапшылар бар екенін атап өтті. Олардың сараптамалық пікірі Федерацияның ұстанымдарын жоғары деңгейде дәлелдеуге, оларды ғылыми негізделген, қисынды әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
«Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар идеялар мен жобаларды дербес түрде ұсына алатын, жүзеге асырып, қадағалай алатын тәуелсіз сарапшылық қауымдастықтарды қалыптастыру аса маңызды. Бұл – сарапшылық қауымдастықтардың азаматтық қоғамның «үнін жеткізетін құрал» ретіндегі маңызымен байланысты. Бір жағынан, олар халықтың көзқарасы мен сұранысын нақты жеткізуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, мұндай «жағдайлық орталықтар» басқарушылық шешімдерді қабылдау уақытын қысқартып, кәсіподақтардың алқалы органдарының тиімділігіне оң әсер етеді. Кәсіподақтар федерациясы Сараптамалық кеңестен әлеуметтік саясаттың, еңбек қатынастарының, әлеуметтік қорғау мен еңбек заңнамасын дамыту мәселелеріне қатысты салмақты әрі терең талдау күтеді. Біз дәл осы алаңда еңбеккерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар мен бағдарламаларға негіз болатын идеялар туындайды деп сенеміз», – деді ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы –жұмыскерлердің өкілі ретінде бейтарап сарапшылық қауымдастықтармен тиімді диалог орната білуі тиіс.
«Сарапшылардың ашық пікір білдіруі және шешім қабылдау процесіне белсенді араласуы кәсіподақ қауымдастығында мүдделерді үйлестіруге әсер ететін маңызды факторлардың бірі», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Күн тәртібі бойынша ҚРКФ Сараптамалық кеңесіне «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева таныстырды.
Депутат жасанды интеллекттің еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуға әсеріне қатысты жағдайды баяндады: жаһандық зерттеулер нәтижесіне сәйкес, жұмыс берушілердің 86%-ы жасанды интеллект 2030 жылға дейін бизнеске түбегейлі өзгеріс әкелетініне сенімді. Сол уақытқа дейін 92 миллион жұмыс орны жойылып, 170 миллион жаңа жұмыс орны құрылмақ. Алайда бұл өсім небәрі 7%-ды құрайды – бұл бұрын болжанғаннан екі есе аз. Алдағы бес жылда кәсіби дағдылардың 39%-ы өзектілігін жоғалтады.
Ол сондай-ақ жасанды интеллектті жұмыс орындарына енгізу мен оның іске асырылу барысын әзірлеу, қадағалау процесіне кәсіподақтардың белсенді қатысуын қолдайтынын жеткізді.
«Біз этикалық және еңбек стандарттарын дәл қазірден бастап енгізуіміз керек. Бұл ретте кәсіподақтардың рөлі ерекше. Олардың ұжымдық келіссөздерге қатысуы, алгоритмді тексеру және кемсітушіліктен қорғау заңмен бекітілуі керек», – деді Екатерина Смышляева.
Депутаттың баяндамасын қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин отырыста көтерілген мәселелер тек елімізде ғана емес, халықаралық әріптестер тарапынан да қолдау тауып жатқанын атап өтті:
«Қазір Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің шешімі негізінде тиісті стандарттарды әзірлейтін әдістемелік жұмыс тобы құрылып жатыр. Бұл үдеріске сіздер белсенді қатысады деген сенімдемін, – деп жиын қатысушыларына үн қатты.
Сонымен қатар, ҚРКФ төрағасы елге жаңа технологияларды енгізу кезінде туындайтын айтарлықтай алға басулармен қатар, елеулі тәуекелдерге де назар аударды.
Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, жасанды интеллектті дамыту азаматтар мен жұмыскерлердің мүддесін қорғауға бағытталған саяси және заңнамалық тетіктерді мұқият талдап, әзірлеуді талап етеді.
ҚРКФ төрағасы жасанды интеллект тұтас бір кәсіптердің жойылуына алып келуі мүмкін екенін атап өтті. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сәйкес, әлем халқының 40%-дан астамы автоматтандыруға бейім мамандықтарда жұмыс істейді.
«Жұмыс орындарының жойылуы – бұл үлкен қауіп. Сондықтан біз шешім ұсынуға дайын болуымыз керек. Мысалы, кәсіптері жоғалып бара жатқан адамдарға арналған қайта даярлау жүйелерін енгізу қажет. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің адамдарды жұмыстан шығаруға және оларды технологиямен ауыстыруға, қызметкерлерді жұмыстан босатуына жол бермеуіміз тиіс. Оларды қайта оқытпай немесе жұмысқа орналасуына көмектеспей қызметтен босату дұрыс емес», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол деректер қауіпсіздігі мәселесін де маңызды аспект ретінде атап өтіп, азаматтардың жеке деректерін қорғау қажеттілігіне назар аударды.
«Біз технологияларға қарсы емеспіз. Бірақ олар қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс», – деді ҚРКФ төрағасы.
Заң жобасын талқылау барысында пікір білдіргендердің бірі – AIN Citadel қоғамдық қорының президенті Ассоль Мейірманова. Өз сөзінде ол технологияларды білім мен ғылымда қолдану, этикалық мәселелер, сондай-ақ цифрлық өзгерістерге қоғамның дайындық деңгейі жайлы ой қозғады.
Сарапшының пікірінше, егер жасанды интеллектті қолдану бойынша кең, қолжетімді әрі мемлекеттік деңгейде оқыту бағдарламасы болмаса, ЖИ даму құралы емес, жатсыну тетігіне айналуы мүмкін.
«Егер базалық сауаттылық деңгейі төмендеп, технологияны түсінуге қойылатын талаптар арта берсе – бұл қоғамда теңгерімсіздікке алып келеді. Біз тыйым салмауымыз керек, керісінше оқытуымыз қажет. Шешімдерді соқыр түрде импорттау емес, өзіміздің бар қазақстандық платформалар негізінде жасап шығаруымыз керек», – деді ол.
Сараптамалық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе – еңбек саласындағы заңнамалық бастамалар бойынша Maqsut Narikbayev University Жоғары құқық мектебінің доценті, заң ғылымдарының докторы Мүсілім Хасенов баяндама жасады.
Ол Қазақстандағы еңбек қатынастарында тепе-теңдікке қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Сарапшы Еңбек кодексіне енгізілген 40-қа жуық түзетуді дайындап, ұсынғанын жеткізді. Мүсілім Хасенов ең алдымен еңбек арбитражының елде тиімсіз жұмыс істейтінін алға тартты.
«Бізде еңбек арбитражы мүлдем жұмыс істемейді. Егер арбитраж шешімді жұмыскерлердің пайдасына шығарып, жұмыс беруші оны орындамаса, қызметкерлердің бұл шешімді орындату үшін қолданатын құқықтық тетіктері жоқ. Қазақстанда сот арбитраж сияқты еңбек даулары бойынша шешім қабылдай алмайды. Бұл – жұмыскерлер үшін үлкен мәселе», – деді ол.
Жалпы, спикер заңнамалық бастамаларда нақты әрі жүйелі бағыттың болмауы Еңбек кодексіне өзгерістердің үзік-үзік енгізілуіне, жүйеліліктің жоқтығына алып келетінін айтты. Ол еңбек заңнамасына енгізілетін түзетулер қажеттілікке байланысты емес, белгілі бір топтардың мүддесін көздеп жасалатыны атап өтті.
«Бұл қарапайым саяси ойынға айналмауы керек. Бұл – елдегі еңбек қатынастарын дамытуға бағытталған нақты жұмыс болуы тиіс, – деп түйіндеді Мүсілім Хасенов.
Спикер жұмыскерлердің құқықтарын реттейтін заңнаманың, әсіресе әлеуметтік қызмет көрсету саласында қайта қарауды қажет ететінін атап өтті.
Мүсілім Хасенов әлеуметтік жұмысты қоғам үшін стратегиялық маңызды мамандық ретінде мойындау қажет екенін айтып, келер жылды «Әлеуметтік қызметкер жылы» деп жариялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жиналыс қатысушыларына айтқан сөзінде сарапшы әлеуметтік-еңбек заңнамасына енгізілетін ТОП-10 өзгерісті бірлесіп іріктеп, оларды бірге ілгерілетуді ұсынды.
Еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныс жасағандардың бірі – Қазақ гуманитарлық заң университеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу құқығы кафедрасының доценті Айнұр Нәдірова болды. Ол жұмысшы әйелдердің құқықтарын қорғаудың, сондай-ақ жұмысшылар мен жұмыс берушілерге еңбек қатынастары жөнінде білім берудің маңыздылығына назар аударды.
Айнұр Нәдірова ұсынған маңызды бастамалардың бірі – ұжымдық шарттарды талқылау мен қол қою мерзімін белгілеу.
«Қазір бізде ұжымдықшартты талқылауға қанша уақыт кетуі керек екенін реттейтін нақты норма жоқ. Бұл келісімнің кешігуіне әкеліп, кейде қызметкерлер жылдап шарттың қабылдануын күтеді, ал бұл олардың кепілдіктерінсіз жұмыс істеуіне себеп болады. Сондықтан келісімнің қабылдануына бір немесе екі ай секілді нақты мерзім енгізу қажет», – деді ол.
Өз кезегінде, ҚРКФ әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік саясат жөніндегі комитетінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларын алдын алу және шешу бөлімі меңгерушісі Марат Имаш ұсыныстардың ішінен жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау шараларына ерекше мән берді.
«Біз еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы қадағалауды әлсіреткен заңнамалық нормаларды түзетуге күш салуымыз керек», – деді ол.
Павлодар облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова өңір кәсіподақтарының тәжірибесіне негізделген бірқатар бастама ұсынды.
Оның айтуынша, соңғы алты жылда Павлодар облысында бірде-бір ресми тіркелген ұжымдық еңбек дауы болмаған. Алайда бұл мәселелер жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, қызметкерлер көбінесе ұжымдық талаптарды қалай дұрыс бастау керектігін білмейді.
Жыл сайын жұмыс берушілер тарапынан, әсіресе орта буын өкілдері жағынан этикалық нормаларды бұзу жағдайлары артып келеді.
«Адамдар қорлау фактілерін тіркеп, дәлелдер жинап, сотқа жүгінуде. Бір жағдай болды: дәл осы еңбек этикасының бұзылуы еңбек дауының негізіне айналды», – деп бөлісті кәсіподақ орталығының басшысы.
Осыған байланысты Динара Айтжанова еңбек ұжымдарында еңбекті қорғау жөніндегі комиссиялар секілді еңбек этикасының сақталуын бақылау жөніндегі комиссиялар құруды ұсынды.
«PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова жанжалдардың алдын алу туралы айта келе, мүдделі тараптарды өңірлерде әлеуметтік әріптестікті дамытуға шақырды.
Ол еңбек дауларын реттеу жөніндегі өңірлік кеңестердің жұмысын күшейтуді және олардың шешімдерін міндетті түрде орындауға қатысты нормаларды енгізуді ұсынды.
Сараптамалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталин бірлесіп алға жылжытуға болатын бірқатар өзекті тақырыптарды атап өтті.
«Қазіргі таңда әлеуметтік әріптестердің әрекеттері қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін де шынайы маңызды мәселелерге бағытталуы тиіс. Алдымен ұжымдық-шарттық реттеуден бастау керек. ҚРКФ талдауының қорытындысы бойынша, ұжымдық шарттардың тек 10%-ында ғана жалақыны индекстеу мәселелері қарастырылған. Бұл келісім механизмінің тиімділігі төмен екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бүгінде кәсіпорындарда топ-менеджерлер мен қарапайым қызметкерлердің жалақысы арасындағы үлкен алшақтық сақталып отыр – кей жағдайда бұл айырмашылық 50–100 есеге дейін жетеді. Біз бұл айырмашылыққа пропорционалды шектеулер енгізуді ұсынамыз. Бізді жұмысшыларға деген құрметтің болмауы да алаңдатады. Кейбір жұмыс берушілер, әсіресе ірі компаниялар кәсіподақтармен келіссөз жүргізуді орынсыз санайды.
Сондықтан біз еңбек консультацияларын – өндірістік және әлеуметтік мәселелерді екі тараптың қатысуымен ашық талқылау форматтарын енгізуді ұсынамыз. Бұл жанжалдарды болдырмауға және ымыраға келуге көмектеседі. Жалпы, әлеуметтік әріптестіктің жарияланған қағидаттары мен нақты тәжірибесі арасындағы алшақтық – үлкен мәселе. Қағаз жүзінде бәрі реттелген, бірақ іске асыру жағынан ақсап тұр, – деп түйіндеді ҚРКФ төрағасы.
Сараптамалық кеңес мүшелерінің бастамалары туралы айта келе, Сатыбалды Даулеталин кәсіподақтардың жаңа Еңбек кодексін қабылдауды жақтайтынын ерекше атап өтті.
«Бұл құжат қазіргі заманның шындығын көрсетуі, қызметкердің мүддесін қорғауға бағытталуы және нақты қорғану тетіктерін ұсынуы керек. Кодекс теңгерімді, әділетті және Еңбек адамының мүдделеріне бағытталған болуы тиіс.
Біз қолданыстағы заңнамаға енгізілетін ең өзекті ТОП–10 түзетуді ілгерілету туралы ұсынысты қолдаймыз және сонымен қатар жаңа Еңбек кодексінің жобасы бойынша жұмыс жүргізуге дайынбыз, – деді ҚРКФ басшысы.
Сатыбалды Даулеталиннің пікірінше, Кәсіподақтар федерациясының Сараптамалық кеңесі – әлеуметтік-еңбек қатынастарын тиімді дамытуға арналған бастамаларды талдап, әзірлеп, ілгерілетуге арналған маңызды алаң. Кеңес құрамында белгілі ғалымдар, әлеуметтік әріптестер, Парламент өкілдері және, әрине, кәсіподақтар бар.
«Уақыт өте келе жаңа көзқарастарды, қоғаммен белсенді іс-қимылды, батыл әрі салмақты шешімдерді талап етеді. Мен сіздердің сараптамалық қолдауларыңыздың арқасында Кәсіподақтар федерациясы еңбеккерлердің мүдделерін бұрынғыдан да тиімді қорғай алады және еліміздің байлығы мен әл-ауқатын жасайтын адамдардың шынайы дауысы бола алады деп сенемін.
Сараптамалық кеңестің әрбір тұжырымы, ұсынысы, бастамасы – бұл жай ғана пікірлер жиынтығы емес. Бұл – ауылда да, қалада да, әлеуметтік салада да, өндірісте де еңбек етіп жүрген адамның өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ықтимал қадам. Сондықтан сарапшылардың жұмысы – бұл кәсіподақтардың да қатысуымен жүзеге асатын ортақ жауапкершілік түрі. Біз жұмыс берушінің қарсыластары емеспіз. Біз – диалог орнататын және бір кәсіпорында ғана емес, тұтас салаларда орнықты даму мен әлеуметтік әділеттілікке жағдай жасайтын одақтастармыз, – деп қорытындылады сөзін ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталин.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы