Алдағы жоспарлар нақтыланды

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Бұл жиын кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру, алдағы жоспарларды нақтылау және жергілікті филиалдармен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Комитет отырысына аудандық филиал төрағалары, заңгерлік және қаржылық сала мамандары қатысты.


Отырыста бірқатар маңызды баяндамалар тыңдалып, нақты ұсыныстар талқыланды:
Ұйым төрағасы Жандос Шайдулла Түркістан облыстық салалық кәсіподақ ұйымының 2024–2025 жылдарға арналған жоспарлы жұмыстары туралы кең көлемде баяндама жасап, алдағы міндеттер мен басым бағыттарды ортаға салды. Ол кәсіподақ қозғалысының өзектілігі мен қызмет сапасын арттыру жолдарын нақты атап өтті.
Ермахан Тлепберген – ұйымның заңгері ретінде еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау бағытында 2024–2025 жылдары атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Ол еңбек дауларын шешу, заңдық кеңес беру және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы істерге тоқталды.


Сонымен қатар, салалық кәсіподақ филиалдарының жұмыстары бойынша да есептер тыңдалды:
Сауран ауданы филиалының төрағасы – Жұмағали Бекмурзаев өз өңіріндегі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыс нәтижелерін баяндады.
Сайрам ауданы филиалының төрайымы – Гүлнара Тлеубердиева да аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы толық есеп беріп, кәсіподақ мүшелерімен тұрақты байланыс орнату, қолдау шараларын жүзеге асыру және ынтымақтастықты арттыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ, Атқару комитеті барысында ортақ шешімдер қабылданып, кәсіподақ ұйымының алдағы қызмет бағыттары айқындалды. Жиын пікір алмасуға толы, мазмұнды әрі нәтижелі өтті.


Жиын соңында Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы кәсіподақ жұмысына белсене атсалысып, өз аудандарында табысты еңбек етіп жүрген белсенді филиал төрағаларын Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл – олардың кәсіби және қоғамдық қызметіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.


Мұндай кездесулер кәсіподақ қозғалысын жүйелі дамытуға, ұжымдық күшті біріктіруге және ортақ мақсаттарға жұмыла әрекет етуге зор серпін беретіні сөзсіз.